Kyzylorda-news.kz. Қаңтардың 6-нан 7-сіне қараған түні қазақстандықтар әлемдегі барлық православ христиандарымен бірге Рождество мерекесін атап өтеді.

Иисус-Иса пайғамбардың туған күні бүгінде әлемнің көптеген елдерінде мемлекеттік мереке ретінде аталып өтеді.

2005 жылдан бері ҚР Еңбек кодексіне сәйкес, православ рождествосы елімізде Құрбан Айт мерекесі сияқты  демалыс күні болып жарияланды.

Мереке кезінде дос-жаран, тума-туыс бір-бірін ізгі ниетпен құттықтап, барша жан мейірімділік танытып, жоқ-жітік адамдарға қайыр-садақа таратып, қамкөңіл жандарды қуантып, жетімдерге тарту-таралғылар жасаған жөн деп санайды. Сонда ғана құдайдың шапағатына бөленеді деген наным бар.

Ғасырлар бойы қазақтың дархан даласында түрлі мәдениет, дін мен салт-дәстүрді ұстанатын сан-алуан халықтардың тағдыры ұштасып жатты. Соның нәтижесінде қазір қазақ халқымен бірге бір шаңырақ астында 140 этнос пен 40 конфессия өкілдері бейбіт ғұмыр кешуде. Ұзақ уақыт көршілес өмір сүрген халықтарда бір-біріне деген тұрақты шыдамдылық пен бір-біріне құрмет дәстүрі қалыптасқан.

Қазақстан жеріндегі ислам мен православие діндері арасындағы көп жылдық берік достық қазақстандықтардың рухани өмірінде, патриоттықты тәрбилеуде, азаматтардың ынтымағы мен келісімінің нығаюында маңызды рөл атқарады.

Тағы да оқыңыз: