Kyzylorda-news.kz.  Қазақстан халқы 2016 жылы тұңғыш рет Алғыс айту күнін атап өтті. 2016 жылғы 14 қаңтарда Қазақстан республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күні 1 наурызды елімізде Алғыс айту күні деп жариялап, № 173 Жарлыққа қол қойған болатын.

Алғыс айту күні – бейбітшілік пен достыққа, тыныштық пен ынтымаққа үндейтін мереке. Бұл кең құшақ құрмет – еліміздегі түрлі ұлт өкілдерінің арасындағы адамгершілік қарым-қатынастың өнегелі өлшеміне, халқымыз үшін айтулы ізгі дәстүрге айналды.

Жалпы, бұл күн қиын-қыстау кезеңдерде қуаныш пен қайғыны қатар бөлісіп, пана бола білген қазақ халқына өзге ұлт өкілдерінің алғыс айтатын сәті. Дегенмен, соңғы 2 жылдың көлемінде жер шарын шарпыған коронавирус пандемиясы кезінде күні-түні тікесінен тұрып, науқастарды қабылдаған еліміздің медицина қызметкерлеріне зор алғыс білдіргеніміз орынды болар. Өйткені, дәрігерлер коронавирус тараған алғашқы сәттен-ақ пандемиямен күресте алдыңғы шепте жүрді. Олардың жаниқярлық еңбегіне Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та әділ бағасын берген еді.

«Бүгінде бүкіл еліміз дәрігерлер мен медицина қызметкерлерінің қайсарлығына тәнті болуда. Олар – адам өміріне араша түсіп жатқан бүгінгі күннің батырлары», – деп бағалаған болатын Қазақстан Президенті.

Ендеше бүгін – Қазақстанда Алғыс айту күні. Сондай-ақ, бүгін – Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күні.

Елімізде 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдері бір үйдің баласындай ғұмыр кешіп жатыр. Қазақстан – азаматтық келісімді, түрлі мәдениеттер мен діндерді тоғыстырған көпұлтты, зайырлы мемлекет.

Осы мерекеге арналған мәдени-бұқаралық шаралар еліміздің барлық облыстары мен түпкір-түпкірінде өтеді.

Тағы да оқыңыз: