Kyzylorda-news.kz. Жосалы кенті талай дарын иелерін үкіліп өсіріп, олардың үлкен өмірге қанат қағуына себепші болған атамекен.Халық жазушысы Ғабит Мүсіреповтың «Асылы, адам өз өмірінің суретшісі. Ол өмірін сырлап, бояуға, оған ажар, түр беруге, тіпті әшекейлеп, өрнектеуге еңбек етеді» деген даналық сөзі бар. Осыбір сөз бүгінгі әңгімелегелі отырған кейіпкерімізге дөп айтылғандай.
Рас, ол жүректен шыққан жыр жауһарларымен ел есінде қалған ақын да емес, күміс көмей жыршы яқи адам арашасы дәрігер, талай шәкіртке білім сыйлаған ұстаз да емес. Ол шаруа отбасынан шыққан, елін сүйіп, еліне қызмет еткен, Алланың сыйлаған өміріне риза болып, ұрпақ тәрбиелеп, қолдан келгенше туған елінің туын биікке желбіреткен қатардағы қарапайым азамат. Саналы ғұмырында көпті көріп, көпті көкейіне түйген жан. Міне, осындай құтты мекенде туып-өсіп, туған елінің өсіп-өркендеуіне еңбегін сіңірген ардақты азаматтың бірі – Болатбек Сағымбаев.
Қазақ батыры Бауыржан Момышұлының «Адал болмай азаматпын демегін» деген өмірлік ұстанымын бойына сіңіріп өскен Болатбек Сағымбайтегі әкесі Қитарбек пен анасы Марияның құтты шаңырағында тәрбиеленген 9 ұл-қыздың бірі. Ол 1969 жылы мектепті тәмамдаған соң екі жыл ауылда еңбек етіп, содан кейін Отан алдындағы әскери борышын өтеуге Семей қаласына аттанады. Мұнда ол Семей атом сынақ полигонында әскери міндетін атқарып, елге оралады.
Семей атом сынақ полигоны қазақ халқына үлкен қасірет әкелгені белгілі. 1948 жылы ашылып, 1991 жабылған полигонда 456 рет ядролық және термоядролық сынақ жүргізілген екен. Оның 116-сы ашық, яғни жер бетіндегі немесе әуе кеңістігінде жасалды. Тарихшылардың айтуынша полигонда әуеде және жер бетінде сынақтан өткізілген ядролық зарядтардың жалпы қуаты 1945 жылы Хиросимаға тасталған атом бомбасының қуатынан 2,5 мың есе көп болған екен.
Ұзақ жылдар бойы оның зардабын шеккен қазақстандықтардың шыдамы таусылып, 1989 жылы Семейдегі атом полигонын жабу мақсатындағы күресті бастауға ұйғарған «Невада - Семей» қозғалысының алғашқы митингісі өткізілді. Оны ұйымдастырушы есімі елге танымал қоғам қайраткері, ақын Олжас Сүлейменов болды. Сол жылдың 6 тамызында Семей облысының Қарауыл ауылында ядролық қаруды сынауға мораторий жариялау жөніндегі ұсынысты КСРО және АҚШ мемлекеттерінің Президенттеріне үндеу қабылданды. Міне, сондай қасіретті аймақта әскери борышын өтеп, талай сынақты басынан өткерген жерлесіміз бүгінді тәуелсіздік еліміз бейбіт өмір сыйлаған заманда өмір сүруде.
Болатбек Қитарбекұлы әскери қызметтен кейін Қызылорда қаласындағы арнайы политехникалық орта оқу орнында алған білімімен Байқоңыр қаласында сантехник, кейіннен Жосалы кентіндегі «ПМК-83» құрылыс-жол мекемесінде электрик, кран автокөлігін жүргізуші болып, ұзақ жыл абыройлы еңбек етеді. Жас маман еңбек еткен дылдарда өзінің алған білімі мен тәжірибесін өміріне серік етіп, үлкен құрмет төрінен көрінеді. Елеулі еңбектері үшін де көптеген мадақтамаларға ие болып, мерейі үстем болады.
Жылдар өте Болатбек ағамыздың еңбегін бағалап, аудан басшылары оны «ДОССАФ» мектебіне инструктор қызметіне, яғни жастарды көлік жүргізуге, басқа да сала бейіндеп, олардың қоғамнан орнын сайлап алуына қызмет етуге жібереді. Ал, кейіннен ұжымдастары оны кәсіподақ төрағасы қызметіне сайлайды. Міне, осындай қызметтерді атқара жүріп, ол көптеген игі бастамалардың жүзеге асуына мұрындық болады.
– Мен ауылдың қарапайым отбасында дүние дидарын ашып, мектепте білім алдым. Әскерге барып, азаматтық борышымды өтедім. «Байқоңыр қаласында, содан кейін Тұрлыбек Әлиасқаров деген ағамыз басқарған «ПМК-80» мекемесінде автокран жүргізушісі, электрик болып жұмыс істедім. Берік Жұқалов, Асылбек Жұмабаев, сонымен бірге есімдерін ұмытып қалыппын Саламасаев, Сенченко деген азматтармен бірге ауданға қарасты елді мекен шаруашылықтарының егістігіне су айдайтын каналдарға тоспа салдық. Содан кейін ауданымыздың құрметті азаматы Аманкелді Ақжігітов ағамыз басқарған «ДОССАФ»-та инструктор, кейіннен кәсіподақ төрағасы болып қызмет еттім. Ұжымдастарым арасында абыройлы қызмет еттім деп те ойлаймын. Мекемеде Сайлау, Райбек, Артем, Шегебай, тағы басқа да азаматтармен бірге абыройлы қызмет еттім, – дейді өткен өмірінен естелік айтқан Болатбек Қитарбекұлы.
Иә, «Өмір – дастан» демекші, кейіпкеріміздің өнегелі өмір жолы көпке үлгі. Болатбек Сағымбаев аудандағы «Невада-Семей» ардагерлер қоғамдық бірлестігінің төағасы және оны 20 жылдан астам уақыттан бері басқарып, келеді. Сонымен қатар, аудандық ақсақалдар кеңесінің, «Аманат» партиясының бақылау комиссиясының белсенді мүшесі. Ағамыз аудандағы қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, ұрпақ тәрбиесіне де бей-жай қарамай, ел бірлігін сақтауда аянбай еңбек етіп жатқан ел құрметтісі.
Ол осындай елеулі еңбегі үшін де жоғарғы билік тарапынан көптеген марапаттармен мадақталды. Атап айтар болсақ, бүгінде оның омырауында «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 30 жыл», Бауыржан Момышұлы атындағы «Батыр шапағаты», «Семей полигонына 25-30» жыл мерекелік медальдары мен «Байқоңыр қаласының ардагері» төсбелгісіндей жиырмадан астам басқа да медаль-төсбелгілері жарқырайды. Сонымен бірге аудан, облыс әкімдіктерінен алған Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары қаншама.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын», – дейді дана қазақ. Ауданымызды есімі елге белгілі қоғам қайртакері Биғали Қаюпов басқарып тұрған кез болатын. Бір күні ол кісінің қабылдауына жазылып, кірдім. Қабылдауда ол кісі мені жылы қабылдап, аудан эконмикасының нығаюы, тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған ілкімді істер жайында әңгімелестік. Сөз арасында мен «Невада-Семей» ардагерлері қоғамдық бірлестігі жайлы әңгіме қозғап, семейліктерге көрсетілетін көмектер жайында айттым. Яғни, Семей сынақ полигонында әскери қызмет еткен азаматтарға көрсетілуге тиіс көмектер туралы. Менің сөзімді аяғына дейін тыңдаған аудан әкімі сол кездегі аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Әділ Қошалақовқа телефон соғып, өзіне шақырды. Сәлден соң әкімге келген Әділ ініміз мән-жайға түсінген соң, мені өзімен ертіп кетіп, көмектестетін айтты. Көмектесті де. Сонымен мен ауданда, тіпті облыста алғашқы болып, мемлекеттен көмек алдым. Содан кейін аудандағы бірлестік мүшелері де ала бастады. Ал, Сұлтан Мақашов ауданды басқарған жылдары ол азаматтың қолдауымен «Жастар» саябағында «Невада-Семей» полигоны мен «Чернобыль» атапына қатысушыларға арнап ескерткіш-белгі орнатылды. Жыл сайын атаулы мерекеде аудан әкімдігі мен аудандық ішкі саясат бөлімінің және кәсіпкерлердің қолдауымен бірлістік мүшелері мен өмірден өткен азаматтарымыздың жесірлеріне арнап құрмет көрсетілуде», – дейді бірлістік төрағасы Болат ағамыз.
Міне, осындай аудан тұрғындарына өнегелі өмір жолымен танылған Болат Қитарбекұлы жары, өмірінің барлық қиыншылық пен қызықты күндерінде жанында болып, қолдау көрсеткен, сауда саласының ардагері Нағипамен бірге көтерген құтты шаңырағында 1 ұл, 2 қыз тәрбиелеп өсіріп, олардың бақытын табуына еңбек сіңірді.
Қайраты Иіркөл ауылындағы шаруашылықта диқан болып еңбек етіп жатса, оның жары Нұргүл балабақшада. Қызы Айгүл Алматыда тұрады. Қаладағы емдеу мекемесінде мейірбике, күйеубаласы Мейіржан – кәсіпкер. Кіші қызы Ақзер де Алматы қаласындағы мектептің бірінде ұстаз, оның жары Ержан да білім саласында қызметте. Осындай ата-ана аманатын арқалап, тәуелсіз еліміздің ұланы атанған ұрпақтарынан 3 немере, 4 жиен сүйген Болатбек Қитарбекұлы бүгінде бақытты ата атанып отырған жайы бар.