Болат Өтемұратов қоры Аралдағы 40 отбасына баспана сыйлады – Kyzylorda News
Басты бет

Болат Өтемұратов қоры Аралдағы 40 отбасына баспана сыйлады

06.10.2021, 15:20

196 0

Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысы, Арал қаласының 40 отбасы Болат Өтемұратов Қорының «Баламекен» жобасы шеңберінде жаңа баспанаға ие болды.

Жаңа пәтерлерді иеленген отбасылардың қатарына көпбалалы отбасылар, жетім балалар, мүгедектер мен апатты үйлерде тұратын отбасылар кірді. Бүгін Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың қатысуымен пәтер кілттері тұрғындарға табыс етілді.

Көлемі 64 шаршы метрді құрайтын 3 бөлмелі пәтер және 47 шаршы метрлі болатын 2 бөлмелі пәтер 4 пәтерлі 10 тұрғын үйде орналасқан. Баспана электр, газ және ауыз су жүйелерімен жабдықталып, ішінде сантехника, газ плитасы мен су жылытқышы орнатылған. Әр пәтер иесіне 6 сотық жер учаскесі бөлінген.

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова пәтерлердің тұрғын үй кезегінде тұрған мұқтаж азаматтарға тегін берілетінін атап өтті.

«Қазіргі таңда ауданда 1112 адам тұрғын үй кезегінде тұр, осы тізімдегі 14 отбасы апатты жағдайдағы ғимаратта тұрып келген. Бұл отбасылар жаңа пәтерлерге бірінші кезекте көшірілді. Сонымен қатар, қалған пәтерлер көпбалалы отбасылар, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, мүгедектер мен мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға табысталады. Бұл жобаға қолдау көрсеткен және көптеген отбасыға қуаныш сыйлаған Болат Өтемұратов Қорына алғысымды білдіремін», – деді аймақ басшысы.

Баспаналы болып, шаттыққа кенелген 8 баланың анасы Гүлдария Мижанова бүгінгі күн отбасы үшін қуанышты күн екенін айтып, Болат Өтемұратов қорына және Қызылорда облысы әкімдігіне өз алғысын білдірді.

«Қор 300 миллион теңге мөлшерінде Арал қаласының отбасыларына «Баламекен» жобасы бойынша жаңа пәтерлер сатып алуды қаржыландырды. Жоба 2019 жылдан бастап жүзеге асырылып, 4,1 миллиард теңге сомасына Қызылорда, Арыс, Мырзакент және Арал қалаларында 390 отбасын жаңа баспанамен қамтамасыз етті», – деп атап өтті Болат Өтемұратов Қорының директоры Марат Айтмағамбетов.

Осы жылдың шілде айында Болат Өтемұратов Қоры Арал ауданында орын алған қуаңшылыққа байланысты 263 миллион теңге мөлшерінде көмек көрсетті. Бөлінген қаражат малға арналған жемшөп, мал азығын дайындауға арналған ауыл шаруашылық техникасын сатып алуға жұмсалды. Сонымен қатар, бөлінген қаражатқа Аспай су ағытқысы іске қосылып, Кіші Арал теңізіне су ағыла бастады.

0

Пікір қалдыру