Kyzylorda-news.kz Қызылордада медициналық білім беру мен денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселелерді талқылауға арналған халықаралық деңгейдегі ғылыми-тәжірибелік конференция басталды.

Іс-шараға Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдерімен қатар, Латвия, Беларусь, Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзербайжан және Тәжікстан елдеріндегі медициналық оқу орындары мен ұйымдардың өкілдері қатысуда.

Конференцияның ашылу салтанатында облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналинов, партияның облыстық филиалының төрағасы Жандос Базартай, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Ғылым және адами ресурстарды дамыту департаментінің «Мейіргер ісін дамыту» басқармасының басшысы Гүлмира Алмагамбетова, Y-PEER өңірлік үйлестірушісі Хе Надежда, Білім беру қорының президенті, «Global Sapa» халықаралық академиясының құрылтайшысы Тілектес Шингужинова сөз сөйлеп, конференция жұмысына сәттілік тіледі.

Медицина саласындағы заманауи технологиялар мен емдеу-диагностикалық әдістердің қарқынды дамуы кәсіби диалогты нығайтуды, білім беру үдерісін жаңғыртуды және халықаралық тәжірибе алмасуды талап етеді. Осыған байланысты конференция медициналық колледждер арасындағы байланысты күшейтуге, студенттердің ғылыми-зерттеу қызметіне қатысуын арттыруға және олардың кәсіби дамуына қолайлы жағдай жасауға бағытталған.

Конференция аясында медициналық колледж студенттері практикалық дағдыларды меңгерумен қатар, ғылыми ойлау қабілетін дамытып, инновациялық тәсілдерді игеріп, халықаралық тәжірибемен танысу мүмкіндігіне ие болады.

Жиында партияның облыстық филиалының төрағасы Жандос Базартай сөз сөйлеп, «AMANAT» партиясының Қызылорда облыстық филиалының бастамасымен медициналық бағыттағы студенттер мен жас мамандарды тарту арқылы елімізде медициналық еріктілердің бірыңғай ұлттық желісін қалыптастыруды көздейтін «AMANAT HEALTH» жобасын іске асыру жоспарланып отырғанын жеткізді.

«Жобаның басты ерекшелігі – «қос деңгейлі тәлімгерлік» моделінің енгізілуі. Бұл ретте партияның «Жастар Рухы» жастар қанаты ұйымдастырушылық және инфрақұрылымдық қолдау көрсетсе, медициналық оқу орындары еріктілерді кәсіби даярлау мен әдістемелік сүйемелдеуді жүзеге асырады. Нәтижесінде біз еріктілер қатарын кеңейтіп қана қоймай, тәжірибелі, жауапкершілігі жоғары жас мамандардың жаңа буынын қалыптастыруға мүмкіндік аламыз. Ертең конференция аясында партияның «Жастар Рухы» жастар қанаты мен Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі арасында екіжақты меморандумға қол қою жоспарланып отыр», – деді ол.

Айта кету керек, қазіргі таңда партияның «Жастар Рухы» жастар қанатының облыстық филиалы 109 желісі арқылы халыққа бағытталған еріктілік көмекті жүйелі түрде ұйымдастырып, қоғаммен тиімді кері байланыс орнатып келеді. «AMANAT HEALTH» жобасы бұл жұмысты жаңа деңгейге көтеріп, оның әлеуметтік маңызын одан әрі арттыра түседі.

Жоба іске қосылғанда шалғай елді мекендерде дәрігерге дейінгі көмектің сапасын жақсартуға ықпал етіп қана қоймай, жастар үшін әлеуметтік өсудің тиімді тетігін қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Тағы да оқыңыз: