Kyzylorda-news.kz Ұлыбритания тұрғыны Аманжол Николас Мухамеджанов Макинтайр Келлетт Қазақстанға нағашы жұртын іздеп келген, – деп хабарлайды Қазақпарат.
Аманжолдың анасы - қазақ, әкесі – ағылшын. Олар қазақ жерінде танысып, табысып, қазір Лондонда тұрып жатыр.
Ұлыбритания азаматы Аманжолдың қарындасы мен інісінің де есімдері қазақша, Жандос, Тоғжан атты бауырлары бар.
25 жастағы жігіттің мамандығы – сәулетші.
Аманжол Лондоннан шілде айында шығып, бүкіл Еуропаны велосипедпен басып өтіп, Алматы қаласына қазан айында жеткен. Сол жерде туыстарының үйінде қонақта болып, шаһардың әсем жерлерін аралап, жаңа жылдың алдында Петропавлға келді.
- Қазақстанға, анамның туған жеріне велосипедпен келу менің арманым еді. Бұл саяхатқа бір жыл дайындалдым. Велосипедпен саяхаттаудың өз қиындығы бар, өзіммен бірге көп зат ала алмадым. Жолда қону үшін палатка алдым, жалпы сапарға шықпас бұрын алдын ала жоспарлау қажет. Қазақстан жеріне кірген кезде ауа райына қатысты қиындықтар болды. Қатты желде жүру, далада қону физикалық тұрғыда қиын, - дейді Аманжол.
Саяхатшының айтуынша, велосипеді шамамен 2 мың АҚШ доллары тұрады. Сапарға шықпас бұрын жігіт көлігін жолға икемдеп, кей бөлшектерін шыдамды болуы үшін ауыстырған. Жолда қалмау үшін қажетті саймандарды да өзімен бірге ала шыққан.
Жалпы велосипедпен мұндай алыс сапарға оның алғаш шығуы.
- Жұмсалған ақшаға Лондоннан Петропавлға ұшақпен барып-келуге болар еді. Бірақ өкінбеймін. Қазақстан жері кең-байтақ екен. Ең таңқалдырғаны – халқы. Адамдары ең қонақжай, мейірімді. Келгеннен мені қонаққа шақырып жатыр, - дейді Ұлыбритания азаматы.
Қазір Аманжол Петропавлда туған-туыстарының үйінде қонақтап жатыр.
- Аманжол - менің анамның сіңлісінің ұлы. Ер адамды шыңдайтын ұзақ сапарда болып келіп отыр. Бірақ жолда кездескен қиындықтары туралы тіс жарған жоқ. Жалпы қарапайым. Осы сапардан күткені ойынан шығып отыр. Бізбен, туған-туысымен танысуды мақсат еткен болатын, анасы туған топырақты басып, ең бастысы - нағашы әжесімен кездеспек еді. Алайда, үлгермеді, әжеміз қайтыс болды. Сондықтан бұл саяхат Аманжол үшін өте маңызды, - дейді бөлесі Айжан Колчина.
Ұлыбритания азаматы Петропавлда осы айдың жиырмасына дейін болып, кейін туған жеріне қайтпақ.
Фото: Асхат Райқұл/Қазақпарат