Kyzylorda-news.kz. Биыл жаңа бизнес-идеяларға берілетін гранттар жаңа талаптарға сәйкес берілетін болды. Бұрын гранттар өз кәсібін ашқысы келетін және кәсіпкерлік негіздері курстарын бітірген барлық жұмыссыздарға берілсе, биылдан бастап тек 29 жасқа дейінгі жастарға, атаулы көмек алатын аз қамтылған отбасы мүшелеріне, көп балалы отбасыларға, қандастарға, мүгедек бала тәрбиелеп отырған адамдарға және мүгедектігі бар тұлғаларға беріледі.
Қызылорда облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы гранттың жаңа талаптарын түсіндірді.
Грант алудың міндетті шарттары қандай?
1) «Бастау Бизнес» жобасы бойынша оқуды аяқтау туралы сертификаттың болуы (алған күннен бастап он екі ай ішінде жарамды);
2) кемінде бір жыл тұрғылықты жері бойынша тұрақты немесе уақытша тіркеу туралы мәліметтердің болуы;
3) үміткердің белгіленген критерийлерге сәйкестігі;
4) комиссияның оң қорытындысының болуы.
Гранттар тек бір рет ғана беріледі.
Грант мөлшерін 200-ден 400 АЕК-ке дейін ұлғайту жоспарлануда (биылғы жылы 1 225 200 теңгені құрайтын болады).
Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға гранттар тұтынушылық мақсаттарға, кредиттік қарыздарды өтеуге, жылжымайтын тұрғын үй сатып алуға және салуға, жер учаскелерін сатып алуға, акцизделетін өнімдер өндіруге берілмейді.
Халықты жұмыспен қамту орталықтары Шарт жасалған күннен бастап 12 ай ішінде қаражаттың мақсатты пайдаланылуына мониторинг жасайды. Мәселен, өткен жылы жұмыспен қамту органдары гранттарды мақсатсыз пайдаланудың 239 фактісін анықтап, нәтижесінде 165 іс сот органдарына жолданған.
Атаулы әлеуметтік көмек туралы.
Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер тізіліміне сәйкес «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау» қызметі барлық азаматтарға тегін түрде көрсетіледі.
Атаулы әлеуметтік көмек алуға өтінішті тұрғылықты мекен-жайы бойынша жұмыспен қамту орталықтарына, кент, ауылдық округ әкімдіктеріне немесе «Электронды үкімет порталы» арқылы беруге болады.
Өтініш тапсыру барысында өтініш берушінің жеке куәлігі ғана жеткілікті. Қажетті мәліметтер мемлекеттік ақпараттық жүйелерден алынады, оның ішінде табыс туралы анықтамалар аударылған міндетті зейнетақы жарналары арқылы расталады. Дегенмен, өңірімізде «Арал өңіріндегі экологиялық қасірет салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» ҚР Заңына сәйкес жалақыға қоса төленетін экологиялық үстемелер ақпараттық жүйеде көрінбегендіктен Халықты жұмыспен қамту орталығы мамандарымен өтініш берушінің немесе жұмыс істейтін отбасы мүшелерінің айлық табысы туралы қосымша анықтама сұратуға құқылы.
Осыған орай, гранттар алуға, сондай-ақ жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің басқа да белсенді шараларына қатысуға қатысты (жастар тәжірибесі, қоғамдық жұмыстар және т.б.), атаулы әлеуметтік көмек алу мәселелер бойынша тікелей Халықты жұмыспен қамту орталықтарына жүгініп, бұл мәселелерге делдал болғысы келетін кездейсоқ адамдарға сенбеу керек.
Жұмыспен қамту орталықтары қызметкерлерінің, сондай-ақ делдалдардың заңсыз әрекеттері анықталған жағдайда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет «1424» Coll-орталығына осы фактілер туралы хабарлауға болады.
