Kyzylorda-news.kz. Аты аңызға айналған ауыр атлет Илья Ильин зілтемірмен қатар ел мойынына түскен ауыртпалықты да бірге көтерісіп жүр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Таусоғар тұлға жерлестері ішіп-жемнен тарықпауы үшін тағам толы себет тарату акциясына белсене қатысып келеді. Ильяның жанында боксшы Қамшыбек Қоңқабаев пен балуан Мақсат Исағабылов бар. Олар тұрмысы төмен отбасыларға азық-түлік жеткізіп, жігер жанитын сөздерін арнады. Жалпы «Biz birgemiz» акциясы аясында әлеуметтік аз қамтылған 7800 отбасыға азық-түлік жеткізілді. Аймақтың кәсіпкер, меценат, депутаттары арнайы құрылған қоғамдық қорға 80 миллион теңгеден астам қаржы салды. «Nur Otan» партиясының үйлестіруімен 6313 отбасыға 50 мың теңгеден үлестірілді. Алдағы уақытта тағы 8 мыңдай отбасыға қаржылай көмек берілмек.

«Біз біргеміз» акциясы аясында жерлестеріме жылы сөз айтып, ыстық ықылас білдіріп, қолдан келгенше көмектесіп жүрміз. Мәселе бар, қиын сәт. Бірақ соған тұнжырамай бірге жеңуге ұмтылып, бір-бірімізге сүйеу, тіреу, қолдау болатын шақ туды. Мемлекет тарапынан әлеуметтік көмек көрсетіліп жатыр. Бұл кезеңде бас көтерер, атқамінер тұлғалар өз әулеті, жақын-жуығына қарайласқаны жөн», – дейді ауыр атлетикадан 4 дүркін әлем чемпионы Илья Ильин.

«Аймақ тұрғындарын сабырға шақырамын. Көбі артта қалды, бұйырса аз уақытта бәрін жеңеміз деген үміттеміз. Ел аман, жұрт тыныш, тәуелсіздік тұғырлы болсын», – дейді бокстан әлем чемпионатының күміс жүлдегері Қамшыбек Қоңқабаев.

Тағы да оқыңыз: