Kyzylorda-news.kz. Биылдан бастап мал ұрлығына байланысты жаза күшейді. ҚР Қылмысық кодексінде мал ұрлығына байланысты бөлек бап қарастырылып, жаза да қатаңдатылды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен баспасөз конференциясында Қызылорда облыс прокурорының бірінші орынбасары Талғат Әлібаев мәлімдеді.

Бас прокурордың орынбасары Қазақстан Республикасының заңнамасына енген өзгерістер туралы айтып, оның ішінде мал ұрлығына қатысты кеңінен тоқталды.

«Бұрын заң бойынша мал ұрлығы мүлік ұрлығымен бірге қамтылып, айыпталушылар заңның сол тармағы бойынша жазаға тартылатын. Қазіргі таңда Қылмыстық кодексте арнайы бап қарастырылды. Мәселен, 188-1 баптың бірінші бөлігі бір бас малды алып кеткен барымташы заң бойынша 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылатын болады. Екінші бөлікте, егер малды қорадан немесе өрістен айдап алып кеткен болса онда қылмыстық іс қозғалып, 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айрылады. Егер қылмыстық топ құрылып, алдын ала сөз байласқан болса, ірі мөлшерде мал ұрлығы жасалса 5-ден 10 жылға, аса ірі көлемде және қылмыстық топ болып құрылса, қылмыстың дәрежесіне қарай 7 жылдан 12 жылға дейін темір торға қамалады», – дейді Талғат Әлібаев.

Бұған дейін мал ұрлап қолға түскен барымташылар қолды еткен малға мал қосып, жәбірленушіден кешірім сұрап, онымен татуласуға мүмкіндік алатын. Жаңа заңнамада енді татуласуға мүлде жол берілмейді.

«Қазіргі таңда толық енгізілген жаңа бап полиция қызметкерлерімен өзге де құқық қорғау органдарына қатаң жазаға тартуға, істі сотқа жолдауға толық құқық беріп отыр», – дейді Талғат Әлібаев.

Ауыл тұрғындарының негізгі күн көрісі төрт түлік болғандықтан елді мекендерде пада ұйымдастыру қажет. Мал ұрлығы жайында мәселе көтерілсе, үнемі айтылатын ұсыныс – осы. Аталған мәселеге қатысты қылмыстың алдын алу мақсатында былтырғы жылдан бастап прокуратураның тапсырмасымен аудандарда пада ұйымдастыру мәселесі жолға қойылды. Облыстық прокуратураның нұсқауымен ең алғаш Жаңақорған ауданы бұл істі қолға алып, 12 ауылда 24 пада ұйымдастырды. Бұған аудандық бюджеттен 4,8 млн теңге қаржы бөлінді. 

Баспасөз конференциясы барысында бас прокурордың орынбасары сыбайлас жемқорлыққа қатысты қолданылатын жаңа заңнамаға да тоқталып өтті.

«Сыбайлас жемқорлықпен алғаш рет ұсталған адамның шынайы өкінуіне байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату соттың құзыретіне өтті. Бұрын осы негізде босатылған және қайтадан қасақана қылмыс жасаған азаматтарға татуласу мүмкіндігі берілмейді. Олар қылмыстық жауаптылықтан босатылмайды», – дейді ол. 

Сондай-ақ, жаңа заңнамаға сәйкес куәгердің құқығы кеңейтілді. Оны куәгерлік етуге, қандай-да бір материалдарды ұсынуға немесе қылмыстық қудалау органдарына көмектесуге мәжбүр етуге тыйым салынады. Мұнан өзге, жүкті әйелден немесе оның асырауындағы кәмелетке толмаған баласы бар әйелден, елу немесе одан асқан жастағы әйелдерден, алпыс үш және одан жоғары жастағы ер адамдардан үзіліссіз жауап алу үш сағаттан және жауап алудың жалпы ұзақтығы бес сағаттан аспауы тиіс.

Айта кетейік, өткен жылы қылмыстық заңнамалардың жекелеген баптарына өзгертулер мен толықтырулар жасалды. Бұл бойынша Бас прокуратурамен заң жобасы әзірленіп, Парламентте бірнеше рет талқыланып, қабылданған болатын. Заңға 31  желтоқсан күні мемлекет басшысы қол қойып, жаңа заң биыл 11 қаңтарда күшіне енді.

Динара МАХАНОВА

Тағы да оқыңыз: