Kyzylorda-news.kz. Қызылордада ветеринария саласы бойынша 2013 жылдан бері жаңартылмаған автокөліктер алғаш рет жаңартылды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында Қызылорда облыстық ветеринария басқармасының басшысы Шахмардан Қойшыбаев мәлімдеді. 

Мемлекет басшысы өткен жылғы Жолдауында мал басының амандығы және өнімділігі ветеринарлардың тиімді жұмысына байланысты екенін атап өтті. Сонымен қатар, ветеринариялық ұйымдар заман талабына сай болмаса ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын арттыру мүмкін еместігіне тоқталып, ветеринария саласын реформалау туралы тапсырмалар берді. 
Осыған байланысты ветеринариялық ұйым мамандарының еңбек жалақыларын көтеру, материалдық-техникалық базасын жаңарту бойынша өңірде біршама жұмыстар атқарылды.

«Ветеринариялық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын жаңарту жұмыстары жүргізілді. Өткен жылы облыстық бюджеттен 111 млн. теңге қаржы бөлініп, 2013 жылдан бері жаңартылмаған автокөліктер алғаш рет жаңартылып, 15 дана УАЗ автокөлігі берілді. Сондай-ақ биылғы жылы да облыстық бюджеттен 73 млн. теңге бөлініп, қан үлгілерін жеткізуге арналған 140 термочемодан және ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жұмыстарын ақпараттық жүйеге енгізуді, мемлекеттік қызмет көрсетуді уақытылы, сапалы жүргізу мақсатында 140 компьютер жиынтығы сатып алынды», - деді басқарма басшысы. 

Келер жылы аймақта 30 дана арнайы автокөлік, 23 дана термочемодан, 23 дана компьютер жиынтығын сатып алуға қажетті қаржы қаралып отыр.

«Биылғы жылы облыс бойынша эпизоотияға қарсы іс-шаралар жүргізуге 1 140 млн. теңге бөлінді. Бұл қаржы ветеринар мамандардың айлық жалақыларын 40 пайызға көтеруге жеткіліксіз болып, қосымша 723,8 млн. теңге қаралды. Нәтижесінде сәуір айынан бастап айлық жалақылары ветфельдшерлердікі 95-100 мыңнан 120-130 мың теңгеге, ветдәрігерлердікі 100-105 мыңнан 140-150 мың теңгеге, ветпункт менгерушілерінікі 110-120 мыңнан 180-190 мың теңгеге көтерілді», - дейді Шахмардан Қойшыбаев.

316308609_1673949456333893_695150121747757026_n.jpg

Тағы да оқыңыз: