Kyzylorda-news.kz. Қызылорда қаласының әкімі Асылбек Шаменовтың Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес, 2023 жылдың I тоқсанындағы халықпен кездесуі Белкөл, Тасбөгет кенттері мен Қызылжарма ауылдық округінен басталды. 

Шаһар басшысы алдымен Белкөл кентіне барды. Бүгінде кенттің әлеуметтік-экономикалық тұрғыда өсу қарқыны жоғары. Тұрғындардың тұрмыс-тіршілігі түзу, қоғамдық-саяси ахуал тұрақты.

Өткен жылғы кездесуде белкөлдіктер қала әкіміне елді мекенді бөліп тұрған темір жолдың үстінен жаяу жүргіншілер көпірін салу қажеттігін айтқан болатын. Мәселеге орай, шұғыл шаралар қолға алынып, тиісті қаражат сұралды. Облыстық бюджеттен бөлінген 225,2 млн. теңгеге жұмыстар жүргізіліп, көпір жақында пайдалануға берілді.

Биылғы жылы да кентте қыруар шаруа атқарылады. Яғни, облыстық бюджеттен бөлінген 89,5 млн. теңгеге Жерұйық, Путейцева тұйығы, Әбдіқадыров №2,4,6,9 көшелеріне қиыршық тас төселсе, Сарыарқа, Жерұйық көшелеріне орташа жол жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар, кенттің орталығы мен Бірлік көшесінің мектепке дейінгі аралығына жаяу жүргіншілер жолы салынады. Оған қалалық бюджеттен 39,1 млн. теңге бөлінді. 

Бірқазан елді мекеніндегі көшелердің инженерлік инфрақұрылымын дамытуға облыстық бюджеттен 34,8 млн. теңге қаралып отыр. Бұдан бөлек, облыстық бюджетке кент пен Бірқазан ауылының жолы мен жарығына, мәдениет үйінің құрылысына 727,7 млн. теңгенің жобалары ұсынылды. Алдағы уақытта мәслихат сессиясында сұралған қаржылар қолдау тапса, аталған жұмыстар жүзеге асырылатын болады.

Кездесуде тұрғындар қоғамдық көлік қатынасына қатысты мәселе көтеріп, қаламен байланыстыратын маршрутты автобустардың жүру интервалын жиілетуді сұрады. Қала әкімі сұранысқа байланысты Автобус паркінің директорына қоғамдық көліктердің жүру жиілігін ретке келтіріп, сызбаларды қайта қарауды тапсырды.

Халықпен кездесу Тасбөгет кентінде жалғасты. Қаламен қатар дамыған кентте ауқымды жобалар жүзеге асуда. Солардың бірі – жаңадан салынатын дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы. Оған облыстық бюджеттен 542,1 млн. теңге бөлініп, қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Одан бөлек, биыл кенттегі 41 көшені жөндеуге облыс және қала бюджеттерінен 833,7 млн. теңге қаржы қаралды. Бұл қаражаттарға жалпы ұзындығы 28,8 шақырымды құрайтын көшелерге асфальт қабаты мен қиыршық тас төселетін болады. Жергілікті бюджеттен бөлінген 15 млн. теңгеге «Шауқаман бағы» да абаттандырылып, халыққа қолайлы жағдай жасалынады.

Тасбөгеттік кәсіпкерлер инвестиция құйып, кенттің кіре-берісінен 130 пәтерлі көпқабатты үй салуда. Ал, 2021 жылы жалпы құны 1 млрд. теңгеге 5 қабатты 53 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысын бастаған «Фирма «МТО-Центр» ЖШС-гі нысанды мамыр айында пайдалануға беруді жоспарлауда. Бұл жұмыстармен бірге орталық саябақ жанынан 200,0 млн. теңгеге «Құддыс Ишан» мешітінің жаңа ғимараты бой көтеруде. Тағы бір жоба, «AЭS and Limited» ЖШС-нің демеушілігімен 100 млн. теңгеге Сабалақ саяжайына табиғи газ желісін тарту жұмыстарының жоба-сметалық құжаттары әзірленуде.
Жарқын жобалардың жүзеге асуына сәттілік тілеген тасбөгеттік ағайын шаһар басшысына алғыстарын білдірді. Кездесуден кейін қала әкімі тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, ұсыныс-тілектерін тыңдады. 

Шаһар басшысы бүгінгі халықпен кездесуін Қызылжарма ауылдық округінде түйіндеді. Соңғы бес жылда бұл елді мекеннің аумағы бірнеше есеге ұлғайып, тұрғындар саны 15 мыңға жетті. Халық санының артуына байланысты инфрақұрылымды дамыту, әлеуметтік нысандар салу секілді мәселелер бой көтерді. Солардың бірі - мектеп құрылысы еді. Қажеттілікке орай, Қызылжармадан арнайы орын белгіленіп, биылғы жылы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында игілікті іс бастау алады. Яғни, заманауи үлгідегі 900 орындық білім ұясының құрылысы жүргізіледі.

Соңғы жылдары ауылдардың, шет аймақтың жолдарына айырықша мән берілуде. Ұлттық қордан, облыстық және қалалық бюджеттерден қаражаттар сұралып, берекелі бастамалар жүзеге асуда. Соның дәлелі, өткен жылы облыстық бюджеттен бөлінген 1 млрд. 642 млн теңгеге ауылдағы 35 көшеге қиыршық тас төсеу жұмыстары басталды. Бүгінде оның 15 көшесі жаңаланды, қалған 20-сы жыл соңына дейін жөнделеді. «Ауыл - Ел бесігі» бағдарламасы аясында облыстық бюджеттен бөлінген 591,7 млн. теңгеге ұзындығы 17 шақырым болатын 23 көшеге асфальт төсеу жұмыстары жүргізіледі.

Тұрғындардың сұранысына сәйкес, қалалық бюджеттен бөлінген 5 млн. теңгеге ұзындығы 900 метрді құрайтын екі көшеге түнгі жарық шамдары орнатыла бастады. Оған қоса, қаралған 11,9 млн. теңгеге Батырбаев және Сексенбаев көшелерінің қиылысына бағдаршам орнатылуда. Игілікті істің жалғасы, ауыл орталығынан өткен жылы іргетасы қаланған заманауи үлгідегі жаңа спорт кешені жақын күндері пайдалануға берілмек. Осылайша елді мекеннің еңсесі көтеріліп, тұрғындардың талап-тілектері орындалмақ.

 

Тағы да оқыңыз: