Kyzylorda-news.kz. Республика бойынша көпсалалы, ауқымды күріш өндіретін «Абзал и К» және «Мағжан и К» компанияларының жетістіктері жетерлік.
Қос шаруашылықтың егіс алқабы Сырдария ауданы Нағи Ілиясов ауылдық округінде орналасқан.
Ірі көлемде күріш өндіретін шаруашылық 2005 жылдан бастап жұмыс жасайды. Аталған кәсіпорындар соңғы үлгідегі заманауи техникалармен жабдықталған.
Биылғы жылы шаруашылықтар 4000 гектар жерге Сыр салысын екті. Жылына 25 мың тоннадан астам күріш өндіріліп, алыс жақын елдерге де экспортталып келеді. Айта кету қажет, биыл бірінші рет Америка Құрама Штаттарына 25 тонна күріш жөнелтілді.
Дәл қазір мұнда қызу тіршілік жүріп жатыр. Бүгінгі күні егістіктегі күріш алқабы толықтай орылды. Орылған күрішті бірнеше мәрте тазалаудан өткізіп, ақтап, күрішті қаптау жұмыстарын жүргізуде.
Бұдан бөлек, «Абзал и К» толық серіктестігі Нағи Ілиясов ауылын көркейту-көгалдандыру және абаттандыру жұмыстарын жүргізуде инвестор болып табылады.
Жалпы, ауыл инфрақұрылымының дамуына мемлекет пен «Абзал және К» толық серіктестігі арасындағы әріптестік негізінде 2009-2020 жылдары 1,5 млрд. теңгеден астам қаражат жұмсалған.
Сондай-ақ, ауылды абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, ағаш егіліп, күтімге алынып, гүл егу, тал егу және тазалық жұмыстарына ауыл тұрғындары жұмыспен қамтылып отыр.
Бұдан бөлек, 1000 орындық спорт кешені салынып, мұнда футбол, үстел теннисі, дзюдо, бокс спорт түрлерінен 4 үйірме жұмыс жасауда.
Сондай-ақ, мектеп оқушыларына түрлі үйірмелер ашып және оған керекті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіп келеді.

