Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы биыл Идеологиялық ескірген атауларды қайта атау орынды екені туралы ақпараттандыру және түсіндіру, тарихи атауларды танымал ету мақсатында "Жеріңнің аты – еліңнің хаты" іс-шаралар кешенін ұйымдастырмақ. Бұған бюджеттен 3 миллионға жуық қаржы бөлінген. Сонымен қатар 2025 жылы облыста жалпы 51 көшенің атауы өзгертілмек. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Басқарманың сауалымызға берген жауабында бүгінде өңірде идеологиялық тұрғыдан ескірген 13 ауылдық округ, 33 ауыл, 300 көше атаулары бар екені айтылған. Дегенмен қазір мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырмасы негізінде елді мекендерге атау беру және қайта атау бойынша ұсыныстардың қаралуы уақытша тоқтатылған көрінеді.
Бұдан бөлек басқарма биыл бюджеттен бөлінген 2 767 857 теңге қаражатқа "Жеріңнің аты – еліңнің хаты" іс-шаралар кешенін ұйымдастырмақ.
"Идеологиялық ескірген атауларды қайта атаудың орындылығы туралы ақпараттандыру және түсіндіру, халықтың пікірі мен ұсынысымен танысу, тарихи атауларды танымал ету мақсатында өңірімізде "Жеріңнің аты – еліңнің хаты" іс-шаралар кешені аясында "Ономастикалық кеңестікті реттеу жолдары" іс-шараларын іске асыру жоспарланып отыр. Осыған орай, облыстың барлық ауданында, облыс орталығында тұрғындармен кездесулер ұйымдастырылады. Осы жұмысқа республикадағы танымал саясаткер, қоғам қайраткерлері тартылады. Елді мекеннің атауы және оның жері туралы архивтік деректер, карталар, басқа да тарихи құжаттар дайындалады", – деп жауап берді тиісті басқарма.
Қазір атауларды беру және қайта атау жұмыстары Президент Әкімшілігімен келісілген 2025 жылға арналған Жол картасы негізінде жүзеге асып жатыр. Соған сай бір жылда облыста 51 көшенің атауы өзгертілмек. Олардың ең негізгісі – атауы жоқ көшелер мен жаңа мекенжайлар.
"Аталған Жол картасы аясында ең әуелі атауы жоқ көшелердің атауларына басымдық беріледі. 2025 жылы облыс бойынша 51 көшенің атауын өзгерту жоспарланып отыр. Петропавл қаласы бойынша "Бірлік" шағын ауданына және оның жаңа 28 көшесіне, "Орман" шағын ауданындағы 7 жаңа көшеге атаулар беру жұмысы жүргізіледі", – деп хабарлады Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы.
Ономастикалық жұмыстар "Қазақстандағы тіл туралы" заңның 25-1-бабы 1-тармағының 1-тармақшасына сай, "Қазақстандағы ономастикалық жұмыстарды ұйымдастыратын әдістемелік ұсынымдарды", сонымен қатар Республикалық ономастика комиссиясы отырыстарында мақұлдаған "Тарихи тұлғалар", "Дәстүрлі атаулар" және "Тарихи жер-су атаулары" тізімдерін басшылыққа ала жүзеге асады.
Фото: Pkzsk.info