Kyzylorda-news.kz. Биыл өңірдегі эпидемиологиялық ахуалға және коронавирус пандемиясына байланысты саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні онлайн форматта өтеді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында өткен баспасөз конференциясында Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Мира Қазбекова мәлімдеді.

«Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай облыстық іс-шаралар жоспары бекітіліп, жоспарға енген барлық шаралар жергілікті телеарналар мен әлеуметтік желілерде онлайн форматта ұйымдастырылады. Атап айтқанда, облыстық кітапханаларда «Тарихтан тағылым – өткенге тағзым» атты кітап көрмелері ұйымдастырылып, «Қазақ зиялылары және зұлмат жылдар» атты зиялы қауым өкілдері мен тарихшылардың онлайн форматтағы кездесуі өтеді.

«Нәубет жылдар – халық қасіреті» атты виртуалды тарихи-құжаттық көрме ұйымдастырылып, «Сыр Шаңырағы» youtube каналында драматург Рахымжан Отарбаевтың «Нарком Жүргенов» спектаклі қойылады. Сонымен қатар, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеп, халықтың рухани санасын қалыптастыруға бағытталған «Байтұрсынов оқулары» онлайн шарасы өтеді. 31 мамыр – қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне арналған барлық шаралар Қызылорда қаласы әкімдігінің «Қызылорда арнасы» және «Мәдениет мәйегі ҚЫЗЫЛОРДА» атты YouTube каналында көрсетілетін болады. Сондай-ақ, «Сыр Шаңырағы» Youtube каналында «Елім-ай», «Тәуелсіздік мұраттары» атты облыстық жыршы-термешілердің концерті, «Сыр Бірлігі» Youtube каналында «Трагедия народа и уроки истории» атты өңірдегі тарихшылардың, этномәдени бірлестік өкілдерінің тарихи танымдық ой-пікірлері түсірілген бейнероликтердің көрсетілімі ұйымдастырылады», – деді Мира Жомартқызы.

Айта кетейік, саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарының ескерткіштеріне гүл шоқтарын қою рәсімдері карантиндік және санитарлық талаптарды сақтай отырып, тиісті мекемелердің рұқсатымен ғана жүргізіледі. Бұл рәсімге саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарының туыстары ғана қатыса алады.

Тағы да оқыңыз: