Kyzylorda-news.kz. Қызылорда қаласындағы оқушылар сарайының IT аймақ орда технопарк техникалық бағыттағы үйірмелерін жетілдіру мақсатында Ақтөбе қаласындағы жас ғалымдармен оқу курстары ұйымдастырылмақ. Сондай-ақ, «Qyzylorda» телеарнасында «Бала орда» балаларға арналған бағдарлама көрермен назарына ұсынылып, үйірмелер жұмысы насихатталуда.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте оқушылар сарайы директорының орынбасары Алтынай Төлегенова хабарлады.
«Оқушылар сарайында 1300-ден аса бала білім алады. Жалпы үйірмелер саны – 57, мектеп алды топтар саны – 9. Бүгінгі таңда біздің мекемеде түрлі бағытта үйірмелер ашылуда. Атап айтсақ, техникалық бағытта, спорттық, мүсін өнері үйірмелері бар. Бұл қосымшалардың барлығы оқушылардың шығармашылығын арттыру мақсатында ұйымдастырылды. Сондай-ақ, «Qyzylorda» телеарнасында «Бала орда» атты бағдарламаның бес түсірілімі өткізілді. Аталған бағдарламада үйірме жұмысын насихаттаумен қатар қаладағы мектептердің тыныс-тіршілігі көрсетіледі. Сонымен қатар, үш айдар бойынша түсірілім болады. Соның бірі – ойын зонасы айдары. Мұнда ұлттық тағамдарды насихаттау, ұлттық домбыра аспабымен музыкалық қабілеттерді ұштау, тик ток бағытында есте сақтау қабілетін дамыту сынды бағыттар болады», – деді Алтынай Төлегенова.
