Kyzylorda-news.kz. Жыл сайын 15 мамырда бүкіл әлем жұртшылығы Біріккен ұлттар ұйымы бекіткен халықаралық отбасылар күнін атап өтеді. Осыған орай, «Азаматтарға арналған үкімет» шаңырақ көтерген отбасылартуралы арнайы статистика жүргізген.
Қызылорда облысында шаңырақ көтеріп, некеге тұратын азаматтар қатары жыл сайын артып келеді. 2023 жылдың II жартыжылдығын қоса есептегенде Қызылорда қаласы және аудандарда барлығы 3716 жаңа отбасыға неке куәлігі табысталған болса, оның 1407-сі осы жылы шаңырақ көтергендер қатарында. Ал аймақ көлемінде құрылған неке саны бойынша қаладан кейінгі көшті Шиелі мен Арал аудандары бастап тұр.
Сонымен қатар мемлекеттік корпорация Қазақстан бойынша 10 айда 103 мыңнан астам неке тіркеген, ал 2024 жылдың басынан бері 40 мың жаңа отбасы құрылған екен.
Неке – адамзат үшін ең қастерлі ұғым, отбасы болудың негізі. Толыққанды әрі бақытты шаңырақ көтерген жұптар еліміздің болашағын жарқын етпек. Сондықтан жанұя болуға бекіген жұптар көп болғай.
Қазіргі таңда «Азаматтарға арналған үкімет» некені салтанатты түрде тіркеуді жүргізіп келеді. Естеріңізге сала кетейік, 2023 жылғы 1 шілдеде «Азаматтарға арналған үкіметке» азаматтық хал актілерін тіркеу функциялары берілген болатын.