Kyzylorda-news.kz Кент және ауылдық округ әкімдерін тікелей сайлау – Президент реформаларының бірі.

Қызылорда облысындағы сайлау процестері әрбір сайлаушының Конституциялық құқығын сақтай отырып заңға сәйкес ашықтық және алқалылық қағидатына сай өткізілуде. Бұл туралы Қызылорда облысының аумақтық сайлау комиссиясы хабарлады.

– Өткен жылы аймақта 38 ауыл әкімі сайланды. Олардың басым бөлігі – өзін-өзі ұсыну жолымен саяси науқанда бақ сынады.

Биыл өңірде 25 кент және ауылдық округ әкімдерінің өкілеттілік мерзімі аяқталады. Осы кезге дейін 8 ауыл әкімі сайланды. Атап айтқанда 25 ақпан күні Жосалы, Иіркөл, Қармақшы ауылдық округінде, 17 наурыз күні Жаңақорған Қыраш ауылдық округінде, 21 сәуір күні Сарыкөл ауылдық округінде, 19 мамыр Жосалы кенті, ІІІ Интернационал, Ақжар ауылдық округтерінде әкім сайлауы өткізілді, – дейді Қызылорда облысының аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Әділбек Ерсұлтанов.

Еске салайық, 19 мамырда өткен Жосалы кенті, ІІІ Интернационал, Ақжар ауылдық округ әкімінің сайлауында 10 мыңға жуық сайлаушы дауыс беруге қатысып, өз таңдауларын жасады.

Ал, 16 маусымда Шиелі ауданының Еңбекші, Қарғалы, Жаңатұрмыс ауылдық округтер әкімінің сайлауы өтеді. Мұнда 2500-ге жуық сайлаушы дауыс беру құқығына ие.

ҚР Мемлекеттік жергілікті басқару және өзін-өзі басқару туралы заңға сәйкес әкімдер 4 жыл мерзімге сайланады.

Дегенмен, әкімдердің басқа қызметке ауысуы немесе өзге де себептеріне орай өкілеттілігі мерзімінен бұрын тоқтауына байланысты жаңадан сайлау ұйымдастырылады.

Қазіргі таңда Шиелідегі Ақмая, Тұран және Сырдария ауданындағы Аманкелді ауылдық округі әкімінің өкілеттілігі мерзімінен бұрын тоқтатылды. Енді осы ауылдарда әкім сайлауы өткізіледі.

Айта кету керек, аймақта 146 кент және ауылдық округ әкімі бар. Олардың 143-і ер, 3-і әйел азаматша.

Тағы да оқыңыз: