Kyzylorda-news.kz Биыл облыста ауылдық елді мекендердің жол инфрақұрылымын жақсартуға ерекше көңіл бөлінді. Өңірде аудандық жолдарды жаңғырту бойынша 69 жобаға қаржы қаралып, 150 көшеге асфальт төселді.

Шалғайдағы ауыл аймаққа да жол түсіп, бүгінде тұрғындар игілігін көріп отыр. Десе де, кейбір мердігерлер жол құрылысының талаптарын сақтамағаны анықталды. «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» кәсіпорынының мамандары жаңадан асфальт төселген 149 көшеге тексеру жүргізіп, 1540 сынама алған. Зертханалық зерделеу барысында 452 ақау шығып, сын-ескертпелерден кейін 181 олқылық қайта қалпына келтірілген. Ал аспаптық тексеру барысында 141 кемшілік анықталса, соның бүгінде 72-сі ғана талапқа сай түзетілген. 

«Ауылдық жерлерде салынған жолдарда ең бірінші кезекте асфальтбетон жамылғысының құрамы мен жоба бойынша қалыңдығы белгіленген талапқа сай болмай жатады. Жылжымалы зертханамен тексеру жүргізіп, кемшіліктерді мердігер мен тапсырыс берушіге жолдаймыз. Нәтижесінде, биыл елді мекендердегі жаңғыртудан өткен жолдардың 715 м2 жолдың негізгі қабаты, 1517 м2 асфальтобетон жамылғысын мердігерлер өз қаржысы есебінен қайта төсеп, 27,3 млн теңгеге шығындалды» – дейді филиал директоры Ерболат Көштаев.

Тағы да оқыңыз: