Kyzylorda-news.kz Әйелін өлтірді деген күдікке ілінген экс-министр Қуандық Бишімбаевтан моральдық өтемақы алынбаса ол мерзімінен бұрын бостандыққа шығып кетуі мүмкін, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұл туралы марқұм Салтанат Нүкенованың отбасының адвокаты Жанна Оразбахова хабарлады. 

"Мәселе ақшада емес. Бастысы – қылмыскерді мерзімінен бұрын шығып кету мүмкіндігінен айыру. Өтемақы сомасы көп болған сайын оның бостандыққа шығып кету мүмкіндігі де аз болады", - дейді адвокат. 

Астана соты Қуандық Бишімбаевқа қатысты түскен істі қарауға кіріскен. Осылайша, Салтанатттың ағасы Айтым Амангелді экс-министрден өтемақы өндіріп алмақ. 

Айта кетейік, 27 тамызда Айтбек Амангелді Қуандық Бишімбаевтан моральдық өтемақы талап еткені белгілі болды. Бұл туралы сот кабинетіндегі құжатта белгілі болды. Іс 2024 жылдың 2 тамызында басталған. Істі судья Досжан Жұмабаев қарайды. 

Еске салайық, 13 мамырда Қуандық Бишімбаевқа қатысты сот ісі аяқталған болатын. Сот Ұлттық экономиканың экс-министрі Қуандық Бишімбаевты жұбайын азаптағаны және өлтіргені үшін кінәлі деп тапты. Ол 24 жылға бас бостандығынан айырылды.

Оның ағасы Бақытжан Байжанов қылмысты жасырғаны үшін кінәлі деп танылып, 4 жылға бас бостандығынан айырылды.

26 маусымда сот алқасы Бишімбаев пен Байжановтың апелляциялық шағымы бойынша шешім қабылдап, олардың үкімдерін өзгеріссіз қалдырды.

Ал 6 тамызда Қуандық Бишімбаев үкімді жеңілдету үшін күресін жалғастырып жатқаны белгілі болды. Бұл туралы ақпарат сот кабинетінде бар.

Фото: Жоғарғы сот

Тағы да оқыңыз: