Kyzylorda-news.kz. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Қызылорда облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Қамбарбек Мүбәраков Индустрияландыру бағдарламасы аясында биылғы жылы құны 4 млрд. теңгені құрайтын 5 жобаның іске қосылуы жоспарланып, қазіргі таңда 3 жоба іске қосылғанын айтты.
Қызылорда облысында бірыңғай индустрияландыру картасы аясында құны 613 млрд. теңгені құрайтын 6,8 мың жұмыс орнын құруға бағытталған 37 жоба жүзеге асырылуда.
«Мемлекет басшысының Жолдауынан туындайтын негізгі міндеттердің бірі – отандық және шетелдік инвестиция тарту болып табылады. Биылғы жылы облысқа 373,5 млрд. теңге инвестиция тарту қажет. Бекітілген жоспарға қол жеткізу үшін қала, аудан әкімдіктеріне меже бекітілді. Биылғы жылдың 10 айында өңірге 290,9 млрд. теңге инвестиция тартылып, жоспар 77,8 пайызға орындалды. Атап өту қажет, көрсеткіштің өсімі және жоспардың орындалуы бойынша өңір республикада бірінші орында», - дейді Қамбарбек Мүбәраков.
Баспасөз мәслихатында басқарма басшысы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларына мемлекеттік бақылау орнату мақсатында жұмыстар жүргізіліп жатқанын да айтып өтті. Бүгінде аймақта 47 сауда нысандарына жоспардан тыс тексеру жұмыстары жүргізіліп, 2 мыңнан астам кәсіпкерлік нысандарына хабарламалар берілген. Аталған нысандарға апта сайын мониторинг жүргізілуде.
«Облыста 5 600 сауда орны бар және 30 базар тіркелген. Үш сауда базары, атап айтқанда, «Сыбаға», «Сұлтан», «Асбол» жаңғырту жұмыстарын жүргізу мақсатында 9 млрд. теңгеге экскиздік жобаларын әзірледі. Сауда базарларын жаңғырту жұмыстары 2025 жылы толығымен аяқталып, іске қосу жоспарлануда», - дейді Қамбарбек Мүбәраков.
Басқарма басшысының айтуынша, биылғы жылдың 9 айында өңірге 74 мыңнан астам турист келген, оның ішінде 3 мыңнан астамы шетелдік азаматтар. Келушілердің саны былтырғы жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 19,8 пайызға артқан. Сондай-ақ, туристтерге көрсетілген қызмет көлемі 9,3 пайызға артқан.
