Kyzylorda-news.kz. Нұр-Сұлтанда ерлік әрекеттерімен көзге түскен қаһарман полиция қызметкері сотталды, деп хабарлайды zakon.kz.

Нұр-Сұлтан қаласындағы №2 Есіл сотының үкімінде қамтылған дерекке сүйенсек, сотталушы Балтабаев Азамат пен Абдрахманов Ринат Нұр-Сұлтан қаласы ПД ҮМЗ патрульдік полиция полкінің қызметкерлері болып тұрғанда 29 наурызда қоғамдық тәртіпті және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қаланы аралап, Кенесары көшесінен сол жаққа – Сарыарқа даңғылына бұрылған Mercedes-Benz ML 300 маркалы көлікті тоқтатқан. Сотталушылар оның біраз сыра ішкенін анықтаған.

Көлік тізгінінде “Ұлттық нейрохирургия орталығы” АҚ басқарма төрағасы, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, медицина ғылымдарының профессоры екенін білген соң, олар әкімшілік жауапкершілікке тартпай, бұл жайттың БАҚ беттерінде пайда болмасы үшін одан ақша талап еткен.

Іс материалына сәйкес, Балтабаев өзінің телефонынан 1 000 000 деген санды көрсеткен, өз кезегінде көлік жүргізушісі 400 мың теңге ғана ұсына алатынын, ол үшін “Ұлттық нейрохирургия орталығындағы” банкоматқа бару керектігін айтқан. Бұған сотталушылар келіскен. Сөйтіп ақша сол арада шешіліп алынып, шенді оны қызметтік көлік ішінде оларға табыс еткен.

1 сәуірде академик Нұр-Сұлтан полиция департаментіне келіп, шағым түсірген. Мұны білген сотталушылар арызданушымен байланысып, ақшаны қайтару туралы шешім қабылдайды. 2 сәуірде полиция қызметкерлері Ұлттық нейрохирургия орталығы ғимараты алдында академиктен кешірім сұрап, 400 мың теңгені қайтарып береді.

Сотта Балтабаев пен Абдрахманов өз кінәсін мойындамады.

Сот үкімімен Абдрахманов пен Балтабаев ҚР Қылмыстық кодекстің 366-бабы, 3-бөлігінің 1.2-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, 7 жылға бас бостандығынан айырылды әрі мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына босатылды. Олар сот залында қамауға алынды.

Сондай-ақ, сот Абдрахмановты “полиция капитаны” арнайы атағынан, Балтабаевты “полиция аға лейтенанты” арнайы атағынан айыру туралы шешім қабылдап, Қазақстан Президентіне Балтабаевты II дәрежелі “Айбын” орденінен айыру туралы ұсыныс тастады.

Азамат Балтабаев 2018 жылы 9-қабаттың терезе жақтауында тұрған 6 жасар баланы аман алып қалды. 2017 жылы ол Франция азаматы Жорж Киффермен бірге суға батып бара жатқан адамды құтқарды.

Тағы да оқыңыз: