Kyzylorda-news.kz  Сырдария аудандық партия филиалының мәжіліс залында аудандық мәслихаттағы партия фракциясы мен аудандық партиялық бақылау комиссиясының бірлескен отырысы өтті.

Бірлескен отырысты аудандық партия филиалының төрағасы Ержан Әжікенов ашып, жүргізіп отырды. Отырыстың күн тәртібінде төрт мәселе қаралды: Бірінші «AMANAT» партиясы сайлауалды бағдарламасы аясындағы жол картасының 2024 жылға арналған индикаторларының орындалу барысы бойынша Сырдария ауданы әкімінің орынбасары Роллан Еспенбетовтың есебін тыңдау, екіншісі партияның сайлауалды бағдарламасындағы ауылшаруашылығы және жер қатынастары саласына қатысты индикаторларының орындалуы туралы аудандық ауылшаруашылық және жер қатынастары бөлімінің басшысы Қанат Нұрсейіттің есебін тыңдау, Сондай-ақ партияның сайлауалды бағдарламасындағы білім саласына қатысты индикаторлардың орындалу барысы туралы және және аудан бойынша мектеп оқушыларының жазғы демалысқа дайындық барысы туралы Сырдария ауданы бойынша білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Жанар Бегайдарованың есебін тыңдау, соңғысы Шаған ауылдық округінің әкімінің сайлаушыларға берген уәделерінің орындалуы бойынша ауылдық округ әкімі Нұғман Смайловтың есебін тыңдау

Күн тәртібі бірауыздан бекітілген соң, алғашқы мәселе бойынша аудан әкімінің орынбасары Роллан Еспенбетов партияның сайлауалды бағдарламасы аясындағы жол картасының 2024 жылы ауданда орындалу барысы және жоспарлары туралы хабарлама жасады. Жол картасындағы өз салаларына қатысты 18 іс-шара жыл соңына дейін толық орындалатындығын атап өтті. Сонымен қатар Роллан Манарбекұлы аудандағы алдағы жылу беру маусымына дайындық жұмыстары туралы да айтып өтті. Отырыс барысында фракция мүшесі Ақтөре Ибрагимұлы аудан әкімінің орынбасарына бірқатар сұрақтар қойды. Мәселен, Тереңөзек кентіндегі Бердіқұлов көшесі арқылы өтетін канал көпірінің үсті ойшықтанып, көлік жүргізушілеріне жүру барысында қиындық тудырып жүргендігін атап өтті. Роллан Манарбекұлы аталмыш мәселе жол жөндеу жұмыстары басталған сәтте реттелетіндігін атап өтті. Сонымен қатар, фракция мүшесі Алмас Зейноллаұлы Тереңөзек кентіндегі Жеңістің 50 жылдығы көшесіндегі ауыз су құбырларын ауыстыру барысында жол дұрыс тегістелмей, тұрғындар наразылық тудырып отырғанын айтты. Бұл сауалға аудандық құрылыс және қала құрылысы бөлімінің бас маманы С.Аймаханов жауап берді. Су құбырларын ауыстыру жұмыстары толық аяқталған соң, мердігер мекеме көшені толық реттейтіндігін жеткізді.

Екінші мәселе бойынша аудандық ауылшаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Қанат Нұрсейіт хабарлама жасады. Ол өз сөзінде жол картасындағы 7 іс-шара өз саласына қатысты екендігін атап, «Жер аманаты», «Ауыл аманаты» жобаларының ауданда іске асырылу барысына тоқталды. Барлық шаралар жыл соңына дейін орындалатындығын атап өтті.

Күн тәртібіндегі үшінші мәселе бойынша аудан бойынша білім бөлімі басшысының уақытша міндетін атқарушы Ж.Бегайдарова хабарлама жасады. Ол өз хабарламасында сайлауалды бағдарлама аясындағы жол картасының 8 іс-шарасы білім саласына қатысты екендігін айтып, жыл соңына дейін аталған шаралар орындалатындығын жеткізді. Сонымен қатар аудандағы мектеп оқушыларының жазғы демалысын ұйымдастыру барысына тоқталды. Отырыс төрағасы Ержан Ертарғынұлы аудандағы жазғы тынығу лагерлерінің жұмысына партиялық мониторинг топтарын құрып, лагерлердегі қауіпсіздік шаралары мен асхана жұмыстарына зерделеу жұмыстарын жүргізуді аудандық партия филиалына жүктеді. Фракция мүшесі Алмас Зейноллаұлы ұстаздардың кешкі кезекшілік жұмыстарын жүйелі жүргізу бойынша ұсынысын енгізді.

Күн тәртібіндегі соңғы мәселе бойынша Шаған ауылдық округінің әкімі Нұғман Смайлов хабарлама жасады. Ол өз хабарламасында Шаған ауылындағы сайлаушыларына берген сайлауалды уәделері туралы атап айтты. Мәселен, Шаған ауылында кәсіпкерлікті қолдау, жұмыссыздық деңгейін төмендету, инфрақұрылымды дамыту бойынша бірқатар жұмыстар атқарылып жатқандығын жеткізді. Отырыс барысында фракция мүшесі Алмас Зейноллаұлы Шаған ауылындағы Тұйғынов көшесіндегі оқушыларды мектепке тасымалдау бойынша қандай шаралар атқарылып жатқандығын сұрады. Аталған мәселе бойынша «Шаған Жер» ЖШС демеушілігімен аталған көшеге уақытша айналма жол салынып, мектеп автобусы қатынап жатқандығын атап өтті.

Күн тәртібіндегі барлық мәселелер толық қаралған соң, қаулы қабылданып, отырыс жабық деп жарияланды.

Тағы да оқыңыз: