Kyzylorda-news.kz Бүгін Арал ауданы әкімдігінің мәжіліс залында Арал ауданы әкімі Аманжол Оңғарбаевтың төрағалығымен актив отырысы өтіп, Үкімет отырысында көтерілген мәселеге қатысты бірқатар міндеттер нақтыланды.
Аудан басшысы алдымен ауданда орын алған кадрлық өзгеріске тоқталды. Аудан әкімінің 2025 жылғы 4 ақпандағы өкімімен Арал аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы лауазымына Құдайберген Жанқожа тағайындалғанын жетікізіп, қызмет жолына қысқаша тоқталып өтті.
Атқарылар жұмыс ауқымды екенін алға тартқан аудан әкімі ең алдымен Арал жұртшылығы көптен күткен аспалы көпірдің құрылысы мерзімінде әрі сапалы аяқталуы қажет екенін жеткізді.
Сонымен қатар, автожолдарды жөндеу мен олардың сапасын арттыру бағытында қордаланған мәселелерді шешу күн тәртібінде тұр. Басшылық қызметке келіп жатқан Арал аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Құдайберген Жанқожа алдағы уақытта осы және өзге де жұмыстармен жан-жақты айналысатын болады.
Аудан әкімі атқарылуы тиіс өзге де жұмыстарға қысқаша тоқталып, аудан дамуында әрбір мәселеге тиянақты әрі уақытылы мән беру керектігін жауаптыларға міндеттеді.
Фото: Арал ауданы