Kyzylorda-news.kz Карачи қаласында Қазақстан Республикасының Көлік министрі Марат Қарабаев пен Пәкістан Ислам Республикасының Сауда министрі Джам Камал Ханның төрағалығымен Қазақстан-Пәкістан бизнес-форумы өтті. Іс-шараға екі елдің 300-ден астам іскер өкілдері қатысты, олардың қатарында Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Қайрат Нұртай да болды.
Форум аясында Қызылорда облысы екі маңызды келісімге қол қойды:
- Шыны ыдыс өндіретін зауыт салу бойынша стратегиялық әріптестік туралы меморандум
- Ауыл шаруашылығы техникасын өндіру жобасын іске асыру туралы меморандум
Сондай-ақ, Көлік министрі М. Қарабаев Пәкістанның ірі өнеркәсіптік тобы — Ghani Global Group басшылығымен кездесу өткізді. Кездесу барысында Қызылорда облысында шыны ыдыс өндіретін зауытты бірлесіп салу туралы келісімге қол жеткізілді. Сондай-ақ бұл кездесуде Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Қайрат Нұртай, «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Досхан Иманбеков және «Euroglass Industries» ЖШС директоры Ержан Сағымбаев қатысты.
Сапар барысында көлік логистикасы мәселелері де талқыланды, оның ішінде Карачи портына бару және Пәкістанның Теңіз істері министрлігімен келіссөздер жүргізілді.
Карачи қаласындағы бизнес-форум Қызылорда облысының халықаралық ынтымақтастығын кеңейтуде маңызды қадам болды және өңірге инвестиция тартудың жаңа мүмкіндіктерін ашты.