Kyzylorda-news.kz Жалағаш ауданындағы Қ.Қазантаев атындағы аудандық мәдениет үйінде аудан әкімі Ардақ Ибраимовтың қатысуымен «Жайнай бер, жаңарған Жалағаш!» атты салтанатты шара өтті.
Іс-шараға қоғам қайраткері, «Қызылорда облысының Құрметті азаматы» Қожахмет Баймаханов, еңбек ардагерлері Сұлтанбек Тәуіпбаев, Батырбек Мәншәріпов, Әбдіғаппар Қарқымбаев, Райкүл Байназарова, облыстық мәслихат депутаттары Балжан Шаменова, Әмірбек Шаймағанбетов, Садық Мұстафаев, сондай-ақ зиялы қауым өкілдері, аудандық мәслихат депутаттары, ардагерлер мен аудан тұрғындары қатысты.
Салтанатты жиында аудан әкімі Мемлекет басшысының тапсырмасымен, Үкімет пен облыс әкімінің қолдауымен соңғы жылдары ауданда атқарылған нәтижелі жұмыстарға тоқталып, Жалағаштың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып жүрген бірқатар азаматтар мен сала ардагерлерін «Жалағаш ауданының дамуына қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен марапаттады.
Мерекелік шара барысында аудан өнерпаздары әннен шашу шашып, мың бұралған бишілер көрерменге мерекелік көңіл-күй сыйлады. Өнерпаздардың әсем әні мен әсерлі биі салтанатты кештің ажарын одан әрі айшықтай түсті.

