Қармақшы ауданының әкімі Жандос Еркінбек жұмыс сапарымен Төретам кенті, Ақай ауылдық округі және Байқоңыр қаласында болып, бірқатар әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандарды аралады.

Алдымен аудан әкімі Байқоңыр қаласында салынып жатқан «Қызылорда» спорт кешенінің құрылыс алаңына барып, атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты. Жауапты мамандар нысанның құрылыс кезеңдері, орындалған жұмыстардың көлемі, дайындық деңгейі және алдағы жоспарлар жөнінде баяндады.

Қазіргі таңда спорт кешенінің құрылыс жұмыстарының басым бөлігі аяқталған. Жоспарға сәйкес, құрылыс жұмыстары жақын арада толық аяқталып, нысанның тұрғындар игілігіне пайдалануға беріледі деп күтілуде. Аудан әкімі құрылыс жұмыстарының сапасына ерекше назар аударып, барлық жұмыстардың белгіленген талаптарға сәйкес әрі уақытылы аяқталуын тапсырды.

Одан кейін аудан әкімі Ақай ауылдық округіндегі «Достық» саябағына барып, абаттандыру және күтіп-ұстау жұмыстарының жай-күйімен танысты. Саябақ аумағының тазалығы, жасыл желектердің күтімі, жарықтандыру жүйесі мен тұрғындардың демалысына қолайлы жағдай жасау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар қаралды. Аудан әкімі жауапты сала басшыларына саябақтың санитарлық тазалығын тұрақты бақылауда ұстап, тұрғындардың жайлы демалысы үшін барлық қажетті жағдайды қамтамасыз етуді тапсырды.

Жұмыс сапарының соңында аудан әкімі Төретам кентіндегі теміржол вокзалы ғимаратының күрделі жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. Нысанда жүргізіліп жатқан құрылыс-монтаж жұмыстары, инженерлік желілерді жаңарту және ғимараттың ішкі-сыртқы әрлеу жұмыстарының орындалу барысы талқыланды. Мердігер мекеме өкілдері атқарылған жұмыстар туралы есеп беріп, алдағы кезеңге жоспарланған жұмыстар жөнінде ақпарат ұсынды.

Жалпы жұмыс сапары барысында аудан әкімі араланған әрбір нысан бойынша жауапты басшыларының ұсыныс-пікірлерін тыңдап, тұрғындардың игілігіне бағытталған жобаларды сапалы әрі уақытылы жүзеге асырудың маңыздылығын атап өтті.

FB_IMG_1785565833029.jpg

Тағы да оқыңыз: