Kyzylorda-news.kz. Отандық диірменшілер ұнды өзімізге қымбат, өзгеге арзан сатып отыр. Қазақстан астық одағы осындай мәлімдеме жасады. Мұның себебі не? Астық одағының мәліметіне қарағанда маусым айында ішкі нарыққа бір тонна ұн 484 доллардан саудаланса, Өзбекстанға 338 доллардан экспортталған, деп хабарлайды «Хабар 24».
Бір жылда ұн 36%-ке қымбаттады
Бір жылда елде азық-түлік тауарлары 19,2 процентке қымбаттады. Азық-түлік емес тауарлардың құны – 14,2 қызмет ақысы – 9,2 процентке көтерілді. Осылайша жылдық инфляция 15 процент болды. Бағасы шарықтаған азық-түлік тауарының тізімін қант бастап тұр. Бір жылда құны 87 процентке өскен. Пияз – 71, ұн – 36 , макарон – 33 кондитерлік өнімдер – 22, нан – 18 процентке қымбаттады. Бұл елдің ұлттық статистика бюросы жүргізген есептің нәтіжесі. Шын мәнінде инфляция бұдан да жоғары болуы мүмкін.
Ұн өзгеге арзан, өзімізге қымбат сатылады
Отандық диірменшілер ұнды қазақстанға қымбат, шетелге арзан сатып отыр. Яғни экспорттың шығынын қазақстандықтардың есебінен жабуы мүмкін. Елдегі астық одағының төрағасы Нұрлан Оспанов осылай деді. Қазақстан ұнды Орталық Азия елдеріне, Оның ішінде Өзбекстан, Тәжікстан, Түркіменстан және Ауғанстанға экспорттайды. Одақ мамандары ас атасы қай елге қанша теңгеден кеткенін есептепті. Мәліметке қарағанда маусым айында елде бір тонна ұнның көтерме құны 484 доллар болған. Ал Ауғанстанға 460, Тәжікстанға 384, ала тақиялы ағайындарға 338 теңгеден экспортталған. Тек Түркіменстанға ғана бізден қымбат. 513 доллардан. Астық одағы төрағасының айтуынша, дәл осы елдерге Ресей өз ұнын айтырлықтай жоғары бағада сатып отыр. Қазақстанмен айырмасы 70 долларға дейін барады. Біздің ұн өндірушілер сырт елге неғұрлым қымбат сатса, бұл өздері үшін де бидай өсірушілер үшін де табысты болар еді дейді. Экспорттық бағаның төмен болукына не себеп дегенге келсек.
«Екі себебі бар. Біріншісі олар шынында ұнды өткізу үшін арзан сатып, шығынды қазақстандық тұтынушылардың есебінен жабады. Немесе, салықты аз төлеу үшін экспорттық бағаны әдейі арзан көрсетеді. Үстіндегі айрманы қолма-қол алып, қалтаға басады. Яғни табысын жасырып, қылмысқа барады. Жауапты органдар бұл мәселеге мән беріп, тексеру тиіс. Содан кейін ғана неге арзан екені анықталады», – дейді Қазақстан астық одағының төрағасы Нұрлан Оспанов.
Расында ішкі нарыққа ұн экспортқа қарағанда қымбат сатылады. Оның өзіндік себебі бар. Диірменшілер қауымдастығының өкілі Дос-Мұқасан Тәукебаевтың айтуынша, ең бірінші себеп, қосымша құн салығында. Екіншіден, өзге елге кетіп жатқанның ұнның сапасы ішкі нарықпен салыстырғанда төмен. Сәйкесінше бағасы да арзанырақ дейді. Бүгінде елде 170-тен астам диірмен бар. Оның 120-сы тек экспортқа арналған ұн шығарады. Қалған 50-і ғана екі нарыққа да жұмыс істейді.
«Қазір бірінші сқрып ұнның бағасы Қазақстанда 230 теңгеден сататын болса шет елге 12 пайыз арзан береміз. Себебі шет елге ұн сатқан кезде ҚҚС оны төлемейміз. Өйткені шетелге біздің НДС-міз керек емес. Ал ішкі нарыққа сатқан кезде 12 пайыз салық төлейміз. Сол себепті бізде ішкі нарыққа 12 пайыз қымбат. Ал егер үкімет ұн өңдеушілерге ҚҚС төмендететін болса соғұрлым ұнның бағасы да арзандайды». – дейді Қазақстан диірменшілер одағының өкілі Дос-Мұқасан Тәукебаев.
Қазақ бидайы $40-ға қымбат
Астық одағының Қазақстан ұны Ресей ұнынан арзан сатылады деген ақпаратын Дірменшілер одағы жоққа шығарып отыр. Айтуынша, жағдай керісінше. Көрші ел өз өнімін өткізу үшін бағаны біздікінен 40 долларға төмен ұсынады екен. Өйткені оларда бидай да арзан. Оның үстіне сапасы да қазақстандық ұнмен салыстырғанда төмен дейді. Сондықтан Орталық Азия елдерінде оған сұраныс төмендеу көрінеді.
«Біздің қазақстанның бидайы да қымбат, ұны да қымбат. Қазір ауған нарығына ресей де ұн сатып отыр. Бізде сатып отырмыз. Ресейдің ұнымен біздің ұнның арасында аймен көктей айырмашылық бар. Ресейдің ұны 40 долларға арзан біздің ұн 40 долларға қымбат. Ауғанстандағы халықтың жағдлайы қиын болып тұр ғой сапаға мән беретін жағдайда емес. Ал өзбекстан, қырғызстан тәжікстан олар сапаға мән береді. Сол себептен Ресейдің ұны ол жақта аса көп сатыла қоймайды. Сатылған күнде өте арзан бағамен кіреді». – дейді Қазақстан диірменшілер одағының өкілі Дос-Мұқасан Тәукебаев.
Илегені бір терінің пұшпағы бола тұра екі тарап екі ұдай пікірде. Десе де болжам айтқанда ойлары бір арнаға тоғысты. Екеуі де күзде астық арзандайды, артынан нан, жем, жұмыртқа сынды бірқатар азық-түліктің бағасы төмендеуі мүмкін дегенді айтты.