Kyzylorda-news.kz Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, құқықтық сауаттылықты арттыру және мемлекеттік мекемелердегі ашықтықты қамтамасыз ету қоғамның тұрақты дамуына септігін тигізеді. Бұл бағытта заң талаптарын түсіндірумен қатар, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін алдын ала анықтап, олардың туындауына ықпал ететін себептер мен жағдайларды жоюға ерекше мән беріледі.
2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдумда қабылданып, 1 шілдеден бастап күшіне енген Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясына сәйкес бірқатар заңнамалық актілерге өзгерістер енгізілді. Соның ішінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың құқықтық тетіктерін жетілдіруге бағытталған нормалар да қамтылды.
Осы талаптарды білім беру ұйымдары деңгейінде тиімді іске асыру мақсатында Қызылорда қаласы бойынша білім бөлімінің жұмыс жоспарына сәйкес сала басшылары мен жауапты комплаенс қызметкерлерінің қатысуымен көшпелі құқықтық семинар-кеңестер ұйымдастырылды.
Қызылорда қаласындағы білім беру ұйымдарының орналасу ерекшелігі ескеріліп, олар жеті аймаққа бөлінді. 21-25 қыркүйек аралығында №9, 23, 101, 197, 235, 261 мектептер мен «Күнекей» бөбекжай-бақшасының мәжіліс залдарында семинар-кеңестер өткізілді.
Іс-шараларға Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің комплаенс офицері Әлібек Жаппасбаев пен Қызылорда қаласы бойынша білім бөлімінің заңгері Аралбек Нұрмаханов қатысып, қолданыстағы заңнама талаптарын жан-жақты түсіндірді.
Семинар барысында сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізудің жаңартылған тәртібі, оны білім беру ұйымдарында ұйымдастырудың ерекшеліктері және талдау қорытындысы бойынша қабылдануы тиіс шаралар талқыланды. Сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы арнайы заңнамалардың талаптарына тоқталып, құқық бұзушылықтардың алдын алудағы жауапкершілік мәселелері түсіндірілді.
Кездесуде пара ұғымының тек ақша қаражатымен шектелмейтініне де ерекше назар аударылды. Заң талаптарына сәйкес, заңсыз сыйақыға мүлік, мүлікке құқық немесе мүліктік пайда да жатуы мүмкін екені түсіндірілді. Бұл ретте білім беру ұйымдарында қызметтік міндеттерді орындау кезінде құқықтық нормаларды сақтау әр қызметкердің жауапкершілігі екені атап өтілді.
Бұдан бөлек, білім беру процесінде мемлекеттік саясаттың негізгі қағидаттарын сақтау, мемлекеттік сатып алу саласындағы заңнама талаптарын орындау, қызметтік шешімдер қабылдау кезінде мүдделер қақтығысына жол бермеу мәселелері кеңінен қозғалды.

