Kyzylorda-news.kz «AMANAT» партиясы облыстық филиалы жанындағы білім және денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі кеңес отырысы өтті. Онда 2025 жылы білім саласында атқарылған жұмыстар сараланып, алдағы міндеттер пысықталды.

Жиында облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Асхат Қанатов атқарылған жұмыстар туралы хабарлама жасап, өңірдегі мектепке дейінгі, жалпы орта және техникалық-кәсіптік білім беру саласындағы жетістіктерді жеткізді.

Жалпы өңірде 645 мектепке дейінгі білім беру ұйымы жұмыс жасайды, ондағы тәрбиеленушілер саны 48 867 баланы құрайды. 9 689 бала мектептердегі мектепалды даярлық сыныптарында білім алуда. 2 - 6 жастағы балалардың балабақшамен қамтылуы – 93%, 3 - 6 жастағы балалардың  қамтылуы – 100 пайыз. Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі бекіткен «Мектепке дейінгі ұйымдарда дербестендірілген ваучерлік қаржыландыру» жоспарына сәйкес, 2025 жылдың тамыз айында Қызылорда қаласындағы 232 мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына ваучерлік қаржыландыру енгізіліп, бүгінгі күнге дейін 22 588 ваучер берілген. Басқарма басшысының орынбасары ваучерлік қаржыландыруды аудандардағы мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына енгізу ағымдағы жылдың шілде айында жүзеге асыралатындығын айтты.  

Облыстың мектепке дейінгі ұйымдарының инфрақұрылымдық қамтамасыз етілуінде оң динамика байқалады. Барлық ауылдық мектепке дейінгі ұйымдар сумен және кәріз жүйесімен, цифрлық және техникалық жабдықтармен, бейнебақылау жүйелерімен толық қамтамасыз етілген.  

Педагогтардың біліктілігіне тоқталған Асхат Қанатов «Өңірде 5 836 педагог жұмыс істейді, оның 4 335-і жоғары білімді, 52%-ы біліктілік санаттарына ие» деді. Сонымен қатар, оқушылардың республикалық және халықаралық олимпиадаларда жүлделі орындарға ие болғанын атап өтті.

Жиын барысында кеңес мүшелері басқарма басшысының орынбасарына сауалдарын қойып, жұмысты жетілдіру бағытындағы ұсыныстарын жеткізді.  

Жиынды қорытындылаған Кеңес төрағасы Нұридин Әмитов балалардың жарқын өмір сүруіне қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру бағытында жұмыстар күн тәртібінен түспейтіндігін атап өтіп, аталған ұсыныстардың жұмыс барысында қатаң ескерілу керектігін жеткізді.

Аманат білім саласын дамыту жұмыстары 2.jpg

Тағы да оқыңыз: