Kyzylorda-news.kz Елдегі әлеуметтік нысандардың сапалы әрі уақытылы пайдалануға берілуін қамтамасыз ету мақсатында «AMANAT» партиясы әрбір нысанға партиялық бақылау бекеттерін орнатып, жүйелі түрде мониторинг жүргізіп келеді.
Осы ретте партияның Арал аудандық филиалының Атқарушы хатшысы Талғат Қанатов филиал жанындағы партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Нұрсәуле Ембергенова комиссия мүшелерімен бірге Мергенсай ауылдық округі, Жалаңаш елді мекенінде салынып жатқан 150 орындық мектеп құрылысы жұмыстарын зерделеді.
Білім беру инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған бұл нысанның тапсырыс берушісі – Қызылорда облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы. Жобаның жалпы құны – 2 240 457 883 теңге. Мердігер ұйым – «Бақ-Береке 2030» ЖШС.
Бүгінгі күні білім ордасының екі корпусының шатыры жабылған. Сонымен қатар терезелер орнатылып, сыртқы қаптау және ішкі әрлеу жұмыстары қатар жүргізілуде. Ішкі жылу жүйелері мен батареялар да қойылып жатыр. Мониторинг барысында партиялық бақылау комиссиясының өкілдері атқарылып жатқан жұмыстардың сапасын тексеріп, мердігер мекеме өкілдерімен нысанның уақытылы әрі сапалы аяқталуының маңыздылығын талқылады.
«AMANAT» партиясы алдағы уақытта да аудан көлеміндегі әлеуметтік маңызы бар құрылыс нысандарын партиялық бақылауда ұстап, олардың сапасы мен тиімділігін арттыру бағытындағы жұмыстарды жалғастыра бермек. Бұл — партияның ел мүддесі жолындағы нақты істерге басымдық беріп, халық алдындағы жауапкершілікті арттыруға бағытталған жүйелі қадамының бір көрінісі.
