Kyzylorda-news.kz Қызылорда қаласы бойынша білім бөлімінде кеңейтілген мәжіліс өтті. Оған білім бөлімінің басшысы Бағдат Бердаулетов, бөлім қызметкерлері, білім беру ұйымдары басшылары мен директор орынбасарлары қатысты.

Жиында білім беру жүйесіндегі өзекті мәселелер, оқу сапасын арттыру, ерекше білім беруді қажет ететін балаларды қолдау және кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу мәселелері қаралды.

Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе білім алушылардың білім беру деңгейлері арасындағы сабақтастықты қамтамасыз етуге арналды. Атап айтқанда, бірінші сынып оқушыларының мектепке бейімделуі, жаңа оқу ортасына үйренуі және білім беру үдерісіне қалыпты қатысуына жағдай жасау мәселелері назарға алынды.

Сонымен қатар жалпы орта білім беру ұйымдарының 2025–2026 оқу жылындағы білім сапасы, Ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижелері мен мектеп бітірушілердің оқуын жалғастыру көрсеткіштері талқыланды. Бұл бағыттағы жұмыстардың нәтижелері білім беру ұйымдарының алдағы міндеттерін айқындауда маңызды рөл атқарады.

Мәжілісте ерекше білім беруді қажет ететін балаларды қолдау қызметінің жұмысы да күн тәртібіне енгізілді. Балалардың білім алуына қолайлы жағдай жасау, олардың жеке қажеттіліктеріне сәйкес қолдау көрсету мәселелері қарастырылды.

Бұдан бөлек, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу мәселесіне басымдық берілді. Бұл ретте білім беру ұйымдарындағы тәрбие жұмысының маңызы мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері күн тәртібінен түскен жоқ.

Мәжіліс барысында бөлім басшысы Бағдат Бердаулетов күн тәртібіндегі мәселелер бойынша білім беру ұйымдарының басшыларына тиісті тапсырмалар беріп, олардың орындалуын жүйелі бақылауда ұстауды тапсырды.

Кеңейтілген мәжіліс 2.jpg

Тағы да оқыңыз: