Kyzylorda-news.kz Жаңақорған ауданы әкімінің орынбасары Нариман Жахудаевтың төрағалығымен білім беру ұйымдарының санитариялық-эпидемиологиялық жай-күйі мен жаңа оқу жылына дайындық мәселелеріне арналған жиын өтті.

Жиынға тиісті мекеме және бөлім басшылары, кент және ауылдық округ әкімдері, мектеп директорлары мен мемлекеттік балабақша меңгерушілері қатысты.

Жиында аудан бойынша 42 мектепке, 2 мектеп - интернатқа және 42 мектеп асханасына жүргізілген мониторинг нәтижелері қаралды. Мониторинг барысында санитариялық талаптардың сақталуына қатысты бірқатар кемшіліктер мен заң бұзушылықтар анықталғаны айтылды.

Осыған байланысты аудан әкімінің орынбасары Нариман Үсенұлы білім беру ұйымдарының, әсіресе мектеп асханаларындағы санитариялық талаптардың қатаң сақталуын жеке бақылауға алуды тапсырды. Сонымен қатар, оқушыларға берілетін ыстық тамақтың сапасы мен құнарлылығына ерекше мән беріп, бұл бағыттағы жұмыстарды тұрақты бақылауда ұстау қажеттігін атап өтті.

Жиында жаңа оқу жылы қарсаңындағы маңызды мәселелердің бірі – «Мектепке жол» қайырымдылық акциясын жоғары деңгейде ұйымдастыру барысы да талқыланды.

Жиын соңында 23 тамыз күні өтетін Құрылтай депутаттарының сайлауына дайындық барысы пысықталды. Бұл мәселе бойынша аудандық қоғамдық даму бөлімінің басшысы Әбілғазы Төлегенов сайлау күніне жоспарланған жұмыстар мен алдағы міндеттерге тоқталды.

Аудан әкімінің орынбасары аталған бағыттар бойынша барлық жұмыстарды сапалы әрі белгіленген мерзімде ұйымдастыруды тапсырды. Жиын қорытындысымен берілген тапсырмалардың орындалуы тұрақты бақылауда болатыны жеткізілді.

Жаңақорған ауданы жиын 2.jpg

Тағы да оқыңыз: