Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары полиция полковнигі Амитов Шамшидин Егенбердіұлының төрағалығымен «Қызылорда облысы аумағындағы білім беру объектілерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша» жиын болып өтті.
Күзет қызметін бақылау бөлімі қызметкерлерінің ұйымдастыруымен өткен жиынға облыс әкімдігінің, қала қала әкімдігінің өкілдері, Кәсіпкерлер палатасы, ТЖД, ҰҚКД басшылары, білім беру басқармасының, облыс орталығында орналасқан мектептердің директорлары, жеке күзет ұйымдарының басшылары және департаменттің тиісті сала басшылары қатысты.
Күн тәртібіндегі басты мәселе – облыстағы білім беру объектілеріндегі оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Бұл тақырыпта күзет қызметін бақылау бөлімінің бастығы Мұратбек Манатов баяндамасын жасады.
Жиын барысында нысандардың террористік тұрғыдан осал объектілерге жатқызу шарттары және тексеру барысында орын алған кемшіліктер бойынша экстремизмге қарсы іс – қимыл басқармасының бастығы Әліп Қазбек баяндама жасаса, білім беру ұйымдарында және жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтың алдын алу және болдырмау мақсатында атқарылған шаралар жөнінде жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Ибраев Бауыржан сөз сөйледі.
Жалпы облыс аумағында 317 мектеп, 30 колледж, 2 жоғарғы оқу орны және 607 балабақша бар. Алайда, олардың кейбірі күні бүгінге дейін қауіпсіздікке қатысты талаптарды орындамаған.
Осы орайда, облыс көлеміндегі білім беру мекемелерінің инженерлік- техникалық нығайтылуына, қауіпсіздік шараларын сақтау мақсатында лицензиясы бар жеке күзет ұйымдарына күзетке беру, сондай – ақ орталықтандырылған бақылау пультіне қосылған «дабыл тетіктерімен» жабдықтауға, заманауи бейнебақылау камераларын орнатуды, сондай-ақ дабыл тетіктері мен бейнебақылау камераларын полиция бөліністерінің жедел басқару орталығына қосуға және турникеттермен жабдықтауға ұсыныс келтірілді.