Kyzylorda-news.kz Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменовадан білім беру бағдарламаларына жасанды интеллект элементтерін енгізуге дайындық қалай екенін сұрады, – деп хабарлайды Қазақпарат.
- Білім беру бағдарламаларына жасанды интеллект элементтерін енгіземіз деп айттыңыз. Ал оған дайындық бар ма? Инфрақұрылым, техникалық база, әдістемелік қамтамасыз ету қалай болып жатыр?, - деп сұрады Үкімет басшысы министрден.
Сауалға жауап берген министрдің айтуынша, Премьер-министрдің тапсырмасымен жасанды интеллектіні енгізуге байланысты ауылдық жерлердегі мектептердің инфрақұрылымын дамыту үшін кешенді жұмыс істелінді.
- Бүгінгі таңда 7 979 мектептің интернет желісі тексерілді. Оның ішінде 1 600 мектепке Старлинк арқылы интернет жеткізілу мәселесі шешімін тапқандығын атап өткіміз келеді. Бұл - ауылдық мектептерде. Бұдан бөлек, әдістемелік нұсқаулықтар дайындалды. Жасанды интеллект заңына сәйкес цифрлық сауаттылық пәні, сонымен бірге информатика пәндері «Цифрлық сауаттылық» және жасанды интеллект», «Информатика және жасанды интеллект» болып енгізілді. 43 сағатқа дейін жасанды интеллекттіні оқыту, оқу процесіне тиімді қолдану, сонымен бірге Әдеп кодексінде тиімді пайдалану секілді тақырыптар мен мақсаттар қамтылды. Жалпы, ауыл мектептеріне 19-дан астам әдістемелік ұсыным әзірленді. 240 мыңға жуық ұстаздарымыз жасанды интеллект ассистенттерін оқу процесіне енгізуге арналған біліктілікті арттыру курстарынан өтті, - деді Жұлдыз Сүлейменова.
Сурет: Солтан Жексенбеков/Қазақпарат
