Kyzylorda-news.kz. Қазалы тепловоз жөндеу зауыты Қазақстан теміржолы бойынша қалған зауыттардың арасында өзінің ерекше орны бар ірі өндіріс орны қатарында. Ондағы негізгі тұлға – білікті мамандар, мұнда күн-түн деместен жүретін жұмысшылар көптеген жылдар бойы осы зауытқа өздерінің күш-қуатын жұмсап, аянбай еңбек етуде.

Әркез зауыт ұжымы бір мезет те жоспарсыз жүрмейді. Жұмысшылардың алға қойған мақсаттары айқын. Олардың басты міндеті – халыққа сапалы қызмет көрсету. Жеке тұлға есебінде сыйлау, еңбек жағдайын жасау, өндірстік табыс пен байлық болып табылады. Діттеген мақсатқа жету үшін кәсіпорынның қуатын күшейту, ғылыми техниканы кеңінен пайдалану, еңбек нәтижесі пайдалы болу, зауыттың келешекте өркендеуіне, болашақ күнге сеніммен қарап, үнемі жеткен жетістіктерді жаңартып отыру – келешек өркендеуіміздің қажеттілігі негіз болады.

Бұл жерде ерлермен қатар әйелдер де иық тіресе ауыр жұмысты атқарады. Солардың қатарында Лиза Тұрсынбайқызы «Қамқор Локомотив» ЖШС филиалы Қазалы локомотив жөндеу зауытының көпірлі кран жүргізушісі болып жұмыс істейді.

Қырық жылға жуық уақыт 5 разрядты көпірлі кран жүргізушісі қызметін мұнтаздай орындап келеді. Осы жылдарда еселі еңбегі еленіп, талай құрметке бөленді. Жақында аудан әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталды. Ұжым, ағайын-туыс, дос-жарандардың арасында сыйлы жан өз кәсібін ерекше сүйіспеншілікпен орындайды. Оның өмірдегі бұлжымас ұстанымы – қиындыққа қайыспау жетістіктің бастауы. Ол ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың «Адам өз өмірінде екі нәрсені таңдауда қателеспеуі керек: біреуі – жар таңдау, екіншісі – мамандық таңдау» деген тәмсілін жанына жақын тұтады.

«Краншы болғаныма намыстанып, немесе ауырсынбаймын. Өйткені өзімнің қалауыммен таңдалған кәсібім. Шүкір соның арқасында бұйырған несібемді тауып отырмын. Үш қызымды қияға ұшырдым. Ұлымды оқыттым. Алты нәзікжанды менімен Ақалтын, Күлзипа, Гүлбаршын, Айнұр, Жәмила, Қаламқас есімді қыз-келіншек кезектесіп, аусыммен жұмыс істейміз. Екі күніміз кранда өтсе, екі күн демаламыз. Қызмет барысында үлкен зілдей темірлерді көтереміз. Сондайда слесарьлардың өміріне алаңдаймыз. Солардың қауіпсіздігін ойлаймыз», – дейді Лиза Құспанова.

Лиза Тұрсынбайқызы теміржолшылар отбасында тәрбиеленген. Ата-анасы осы депода қызмет еткен.

«Анам бала кезімде бізде үлкен кран бар. Оны жас қыздар басқарады. Өздеріне ұнайды кәсіптері деп айтып отыратын. Сонда іштей қызығып жүретінмін. Әкеме түстенуге тамақ тасығанымда көзімнің қиығымен сол краншыларға қарап кетемін. Уақыт өте қызығушылығым оянды. Мектеп бітірген соң анам өзінің жанына жұмысқа орналастырды. Әуелде тазалықшы болдым. Кейін кранды меңгеру жолдарын үйретіп, емтиханнан өткен соң осы мамандықты маған жүктеді. Жұмыстың қиындығы мен қызығы бірге жүреді. Дегенмен бұл ісімді жақсы көремін. Жұбайым да теміржолшы», – дейді краншы.

Осындай еңбекқор, ауыр жұмысқа төтеп беретін жұмысшылардың арқасында зауыт бұрынғысынша көрікті, қайта қуатталып жаңа өмір талаптарына сай алға қарай қарқынды қызмет атқаруда.

Тағы да оқыңыз: