Kyzylorda-news.kz. Ғылым мен техниканың қарқынды дамуы, өндіріске жаңа технологиялардың енгізілуі әрбір қызметкерден жауапкершілікті ғана емес, біліктілікті де талап етеді. Бұл үшін ұдайы ізденіс, білім алу қажет.
«Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясында қызметкерлерді оқыту, білімін жетілдіру жақсы жолға қойылған. Компания еліміздегі 35 жоғары оқу орнымен және 8 салалық колледжбен ынтымақтастық орнатумен қатар, жақын шетелдердегі жетекші жоғары оқу орындарында атом саласы мамандықтарын меңгеру мүмкіндігін жасап отыр. Сондай-ақ аймақтағы кәсіпорындар өздері жұмыс істейтін өңірлердің тұрғындарын оқытуды қаржыландырады.
Мысалы, 2019-2022 жылдары Жаңақорған ауданының 78 жергілікті тұрғыны кәсіпорындардың қаражаты есебінен білім алды. Оның ішінде 19 адам сол кәсіпорын қызметкері болса, қалған 59 адам атом саласында жұмыс істемейтін ауыл азаматтары. Осы мақсатқа жұмсалған қаржы 40 млн. теңгеден асты.
Кез келген табысты компанияның ең мықты активі – кадрлар. Сондықтан Қазатомөнеркәсіп маман дайындауға, олардың біліктілігін арттыруға әрқашан бірінші кезектегі міндет деп қарайды. Уран өнеркәсібіне қажетті техниикалық мамандықтарды дәріптеу және өндірістің ерекшеліктерімен таныстыру мақсатында компания аймақтардағы ауыл мектептерінің 9-11 сынып оқушылары үшін «Сана» мектеп лагері» жобасын қолға алды. Үш жыл қатарынан осы жоба аясында оқушылар болашақ мамандықтары туралы біліп қана қоймай, сонымен қатар жеке тұлға ретінде қалыптасудың қыр-сырына қанықты.
Сол кездегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты 2020-2021 жылдары «Сана» мектеп лагері онлайн форматта ұйымдастырылды. 2022 жылдың мамыр айында лагерь күндізгі форматта өтіп, оған Қызылорда және Түркістан облыстарынан 200 оқушы қатысты. Олардың арасында Байкенже ауылының мектеп бітірушілері де бар.
20 қазан күні Қазатомөнеркәсіптің Жас мамандар кеңесі Байкенже ауылындағы №193 мектепте «Сана» кәсіптік бағдарлау лагерінің кезекті көшпелі кездесуін ұйымдастырды. Бұл жолы оқушылар назарына түрлі таныстырылымдарды жобалау дағдылары бойынша шеберлік сабағы, ақпараттық технологиялар, экология және уран өндіруші кәсіпорындарда қоршаған ортаны қорғауды қамтамасыз ету бойынша семинарлар ұсынылды.
Бағдарлама соңында алған дағдыларын бекіту мақсатында лагерь қатысушылары арасында зияткерлік ойын ойналды. Шәкірттер белсенділік танытып, Қазатомөнеркәсіптің естелік сыйлықтарын жеңіп алды. Мектеп басшылығы мен оқушылар маңызды миссияға бағытталған іс-шара үшін компанияға ризашылықтарын білдірді.
Мақсұт ИБРАШЕВ

