Kyzylorda-news.kz. Тілшілік тіршілікпен қайнаған еңбектің қайнар көзіне айналған Бидайкөл ауылына табан тіредік. Елді мекеннің іргетасы 1928 жылы қаланған. Бүгінде мұнда 4000-ға жуық тұрғын бар. Олар сан салалы кәсіппен күнелтіп отыр. Әсіресе, таңмен таласа тұрып, кеш қарайғанша дамыл таппайтын диқандардың дала төсіндегі қыруар жұмысы қандай құрметке болса да лайық. Осы орайда біз атшаптырымдай алқапты молшылық майданына айналдырып отырған еңбеккерлердің етжеңді ісіне зер салдық.

Жалпы Шиелі топырағы таяқ тастасаң, тал болатын құтты мекен. Ақ күріштің атасы Ыбырай Жақаевтай Еңбек ері, 10 ғасыр адамының 5-еуі шыққан қасиетті қоныс. Ауданның агросаласында алымды тірлік көрінеді. Өнеркәсіп өндірісі де өркендеп тұр. Мұны Бидайкөл ауылынан байқай аламыз. Мұнда қазіргі таңда 44 шаруа қожалығы бар, оның 28-і егінмен, қалғаны мал шаруашылығымен айналысады. Соның ішінде қос кәсіпті де қатар алып жүрген Талғат Байдалиев төрағалық ететін «Бидайкөл» шаруа қожалығының орны бір төбе.
Аталған қожалықтың қарқынды жұмысы 1915 жылы басталған болатын. Содан бері жыл сайын 1000 гектар жерге егін егілуде. Биыл №1 өндіріс бригадасына 466 гектар күріш егілген. Оның 188 гектары «Янтарь» сорты болса, қалған 278 гектары «Лидер» сорты. Енді диқандардың еңбегі еленіп, егін даласының дүбірге толатын күні де алыс емес.

2021 жылы Шиелі ауданында 29 151 гектар жерге егін егілді. Ал, 1100 гектар жерге күздік бидай және 330 гектар жерге жаздық бидай егілген. 75 гектарға тары өнімі егілсе, майлы дақылдардан 1100 гектар мақсары, 70 гектар соя егілген болатын. Сондай-ақ, 3025 гектар жерге жаңа жоңышқа, 5448 гектарға ескі жоңышқа егілген. Ал, 1700 гектарға картоп, көкөніс, бақша дақылдарына 4897 гектарға ұлғайтқан болатын. Сыр күріші дақылының жалпы үлесі – 13000 гектар. Сонымен қатар, былтыр «Бидайкөл» шаруа қожалығы 1100 гектарға жуық күріш еккен болса, биыл аталған қожалық көлемін ұлғайтамыз деп отыр. 

«Күзде 200 гектар жерге бидай егілді. Осы жылы жоңышқаны көбейтіп жатырмыз. Мақсатымыз – үлескерлерімізге молынан шөп берсек деп жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ, біздің шаруашылық жаңа техникалармен жабдықталған. Жер тегістейтін «джодж» деген тракторларымыз және конбайындарымыз бар. Шаруашылықта техникалар жеткілікті. Бәрі жұмысқа сақадай сай тұр», – деді «Бидайкөл» шаруа қожалығының бригадирі Батырхан Мәмбетов. 

«Бидайкөл» шаруа қожалығында 100-ге жуық қызметкер жұмыс істейді. Мұнда 1184 адамның жер үлесі бар. Үлескерлерге 100 дана жоңышқа пресс шөптен таратып 300 гектар жер ұжым қызметкерлеріне бақша дақылдарын егуге берілген. Жұмысшылардың жалақылары да дер кезінде аударылып келеді. Сонымен қатар жыл соңында диқаншыларға арнайы сыйақы үлестіру де шаруашылық тарапынан қарастырылған.

P.S. Еңбегі көптің өнбегі көп демекші, маңдай тердің үміті ақталғаны жақсы. Былтырғы күріш өнімі көңіл көншітерлік. Әр гектардан 58 центнерден күріш алу қажырлы еңбекті талап ететіні белгілі. Ал, биылғы жылы шаруашылықтың саймандары сайланып тұр. Күзде қамбаны  астыққа толтырар деген үміт бар.

Тағы да оқыңыз: