Kyzylorda-news.kz Қазақстан – ұлы дала. Дала – тек кеңістік емес, өзіндік өркениет. Бұл өркениет ғасырлар бойы мал шаруашылығымен ғана емес, егінменде өмір сүрген. Қазақ даласында өнген әрбір дән – табиғат пен адам еңбегінің тылсым табы. Жер мен аспан арасындағы үндестіктің көрінісі.
Бидай қазақ үшін – ризықтың ғана емес, рухтың да тірегі. Алайда қазіргі заманның құбылмалы ағымы, азық-түлік нарығындағы бәсекенің күшеюі, климаттың күрт өзгеруі – осы дәстүрлі саланы жаңа сынақтарға тіреді. Бүгінгі сұрақ – қазақтың бидайы бұрынғыдай әлемге төбе болып тұра ала ма? Әлде жаһандық жүйеде ұсақ ойыншыға айналып бара ма?
Дәнге толы мыңжылдық
Археологиялық зерттеулер Қазақстан аумағында бидайдың жабайы формалары ежелгі кезеңдерден өсірілгенін анықтап отыр. Сыр бойындағы қоныстардан табылған ерте дәуір диірмен тастары, Арқа даласындағы астық сақтайтын ыдыстар – қазақ жеріндегі егін мәдениетінің тарихы мыңжылдықтар қойнауында жатқанын айқын көрсетеді. Осы деректер – тек ғылымның табысы емес, ұлттың өзін-өзі тануына көмектесетін рухани жүк. Қазақтың «Нанның киесі бар» деген ұғымы далалық тәжірибенің жинақталған философиясы. Дәнге құрмет – адамның өз ішкі тәртібіне деген құрметі.
ХХ ғасырдағы тың игеру елімізді тұтас Кеңес Одағының «астық қоймасына» айналдырды. Жүздеген мың гектар жер жыртылып, миллиондаған тонна астық жиналды. Қазақдаласының аты әлемнің талай еліне мәшһүр болды. Алайда бұл кезең – тек жетістік шежіресі емес. Ғылыми негізсіз жаппай жырту, табиғи ландшафттың өзгеруі, топырақтың тозуы, жел эрозиясы – бүгінгі күні толық көрініп отырған ұзақ мерзімді салдар. Құнар азайды, ал құрғақшылық күшейген заманда су тапшылығы жаңа деңгейге шықты. Тағы бір күрделі мәселе – ауыл шаруашылығына оралуға ынталы жастардың аздығы.
Егіншілікпен айналысу – тек кәсіп емес, белгілі бір мәдени әлеуетті қажет ететін өмір салты. Сол дәстүрлі мәдениеттің үзілуі бүгінгі ауылдық қоғамға үлкен сын.
Тәуелсіздік жылдары
Тәуелсіздік кезеңінде Қазақстан бидайының сапасы әлемдік нарықта жоғары бағаланды. Ақуыз мөлшері көп қатты бидай түрлері көптеген мемлекетке экспортталды. Бірақ бұл жетістік ішкі өндірістің құрылымдық кемшіліктерін жасырып қала алмады. Шикізат күйінде экспорттау – агроөнеркәсіптің әлсіз буыны. Астықты терең өңдеу саласы баяу дамып, қосылған құн төмен күйінде қалып отыр. Ұн, макарон, жарма өндірісі бар болғанымен, көлемі жаһандық деңгейде бәсекеге қабілетті емес. Бұл – ауыл шаруашылығы өнімдерінің экономикалық тиімділігіне ғана емес, елдің азық-түлік қауіпсіздігіне де ықпал ететін фактор.
Шиелі тәжірибесі
Соңғы жылдары Шиелі ауданы егіншілік құрылымын әртараптандыруға бет бұрды. Биыл аудан бойынша 30 192 гектар жерге егін егілді. Оның ішінде 1197 гектарға күздік, 694 гектарға жаздық бидай себілді. Өткен жылмен салыстырғанда бидай көлемінің 405 гектарға артуы – оң үрдістің белгісі. Аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Мұрат Әшірбеков болашақта су үнемдейтін дақылдардың үлесін арттыруды жоспарлап отырғанын айтады. Бұл – климат өзгерген заманда аса қажетті қадам. Суресурстары шектеулі ел үшін дәстүрлі егіншілікті жаңа жағдайға бейімдеу – стратегиялық міндет. Өйткені Қазақстан алдағы онжылдықта судың тапшылығын бұрынғыдан да қатты сезуі мүмкін. Қазіргі таңда су үнемдейтін технологиялар – жай тренд емес, тіршіліктің шарты.
Қазақ егіншілігін не тежеп отыр?
Қазақ даласы – табиғаты қатал аймақ. Қазақстан жауын-шашын мөлшері ең аз елдердің бірі. Бұл факторды ескермей, заманауи технологиясыз жоғары өнімге қол жеткізу мүмкін емес. Содан соң техникалық жаңғыртудың баяулығы. Яғни ауылдағы техниканың ескіру деңгейі 70 пайыздан асады. Өнімділіктің төмен болуына бұл тікелей әсер етеді. Кадрлық дағдарысты да қосуға болады. Агрономия – жастар аса көп қызыға бермейтін сала. Білікті мамандардың жетіспеуі – егіншіліктің ең әлсіз жері. Терең өңдеу саласының дамымауын да бар. Қосылған құн төмендеген сайын, сала да бәсеңдейді. Дәнді экспорттау – оңай, бірақ онымен әлемдік бәсекеде алға шығу қиын. Қазақтың дастарқанындағы нан – киелі. Бұл тек ас емес, тіршілік символы. Әженің алақанында тазарған бидай, оттың жалынын- да пісіп, иісі бүкіл үйді жаулайтын таба нан – ұлттың рухын көтеретін көрініс.
Бидайға құрмет – өткенге құрмет әрі болашаққа жауапкершілік. Егер біз дәннің қадірін жоғалтпасақ, жердің қасиетін қор етпесек, технологияны еңбекпен ұштастыра алсақ – қазақ бидайының жаңа дәуірі басталады. Дәннің тағдыры – елдің тағдыры. Ал тағдырды өзгерту – біздің қолымызда.
С.Мадиярова
Фото: freepik.com
