Kyzylorda-news.kz. Халық қалаулылары бүгінде ел-жұртпен тығыз байланыс орнатып, сайлауалды бағдарламада айтылған басым бағыттарын орындауға кірісіп кеткені белгілі. Әрбір елді мекеннен сайланған депутаттар ауыл тұрғындарымен кездесіп, ұсыныс-пікірлерін тыңдап, алдағы уақытта оның орындалуына аса мән беруде.
Бүгін аудандық мәслихат депутаты Г.Тілеубергенова Бесарық ауылдық округі тұрғындарына арнап қоғамдық қабылдау өткізді. Депутат тұрғындардың жеке мәселелері бойынша қойған сауалдарын тыңдады. Айтылған ұсыныстардың қатарында ономастика және инфрақұрылымды дамыту мәселелері бойынша сұрақтар қойылып, заң шеңберінде жауап қайтарылды.
Айту керек, Берекелі Бесарық атанған ауылда тұрғындар ауыл шаруашылығымен айналысып, халқы төрт түлік малды өсіреді. Ауылда "Бесарық" ЖШС ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтып отырған іргелі шаруашылық. Жыл сайын егіс көлемін арттырып, мол өнім алуға бет бұрған шаруашылықтың ауылда қайырымдылық іс-шараларына да атсалысып келеді. Соңғы жылдары шағын және орта бизнесті дамыту үшін жұмыссыздар мемлекет тарапынан берілетін мүмкіндіктерді пайдаланып, бизнес жоба әзірлеп, қайтарымсыз грантқа ие болғандары да бар. Шағын дүкен, шаштараз, наубайхана, шеберхана т.б ашып, кәсібін бастаған жеке кәсіпкерлер ауыл экономикасын дамытуға өз үлестерін қосып келеді.