Kyzylorda-news.kz Шиелі ауданының әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімі Айтбай Жандарбековтың төрағалығымен мәжіліс отырысы өтті. Мәжіліске аудан әкімінің орынбасарлары, дербес бөлім басшылары, кент және ауылдық округ әкімдері қатысты.
Күн тәртібінде жылу беру маусымының өту барысы мен осы кезеңдегі өрт қауіпсіздігі шаралары қаралды. Сонымен қатар NEET санатындағы жастармен жүргізіліп жатқан жұмыстардың жай-күйі талқыланды.
Алдымен аудан әкімі жылыту маусымының қалыпты өтуі - жауапкершілікті, тұрақты бақылауды және жедел әрекет етуді талап ететін маңызды кезең екенін атап өтті.
– “Бұл уақытта тұрғындардың қалыпты тұрмыс-тіршілігін қамтамасыз ету, әлеуметтік нысандардың үздіксіз жұмыс істеуі, жылу, электр және газ жүйелерінің тұрақтылығы ерекше маңызға ие. Сондықтан жылыту маусымының кедергісіз өтуі барлық жауапты мекемелер мен жергілікті атқарушы органдардың басты міндеті болуы тиіс. Бірінші кезекте, аудандағы мектептер, балабақшалар, медициналық мекемелер мен өзге де әлеуметтік нысандардың жылумен қамтамасыз етілуі тұрақты бақылауда болуы қажет”, – деді аудан әкімі.
Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Жомарт Мұхтарұлы баяндама жасап, аудан көлеміндегі жылыту маусымының өту барысы туралы ақпарат берді.
Ал жылыту маусымы кезіндегі өрт қауіпсіздігі шаралары жөнінде аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Ернұр Төребайұлы баяндады. Ернұр Төребайұлы жылыту құралдарын пайдалану барысында қауіпсіздік талаптарын сақтау, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу және өрттің алдын алу шараларының маңыздылығына тоқталды.
Бұдан бөлек, мәжілісте NEET санатындағы жастар мәселесі қаралды. Бұл бағытта аудандық Жастар ресурстық орталығының директоры Ержан Әбдешов атқарылып жатқан жұмыстар мен жастарды жұмыспен қамту, білім алуға және қоғамдық өмірге тарту бағытындағы мәселелер жөнінде баяндады.
Сонымен қатар аудандық дене тәрбиесі, спорт және туризм бөлімінің басшысы Беркінбай Садықұлы аудан көлемінде марафон ұйымдастыру жөнінде ұсыныс білдірді. Ұсынысқа қатысты тиісті мәселелерді пысықтап, ұйымдастыру жұмыстарын жүйелеу қажеттігі айтылды.
Мәжіліс қорытындысында аудан әкімі күн тәртібіндегі мәселелер бойынша жауапты бөлім басшылары мен мекеме жетекшілеріне бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді. Атап айтқанда, жылыту маусымының тұрақты өтуін қамтамасыз ету, әлеуметтік нысандардың жылумен үздіксіз қамтылуын бақылау, өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуын күшейту және тұрғындар арасында профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жандандыру міндеттелді.
Сондай-ақ жастар мәселесіне қатысты жұмысты жүйелі жүргізіп, NEET санатындағы жастарды анықтау, оларды жұмыспен қамту және қоғам өміріне тарту бағытындағы шараларды күшейту қажеттігі атап өтілді. Аудан басшысы берілген тапсырмалардың орындалуын тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.
