Kyzylorda-news.kz. Жеке тұлғалар 2023 жылғы 3 наурыздан бастап банкроттыққа өтініш бере алады. Бұл туралы бүгін қала әкімдігінің баспасөз орталығында өткен брифингте Қызылорда қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Берік Ниетәлиев түсіндірме берді.

ҚР азаматтарының төлемге қабілетсіз болған кезде туындайтын қоғамдық қатынастарды реттеу, төлем қабілеттілігін қалпына келтіру мақсатында 2022 жылдың 30 желтоқсанында «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» Заң қабылданды.

Брифинг барысында аталған Заң жобасының негізгі қадиғалары, Заңда көзделген рәсімдердің 3 түрі - соттан тыс банкроттық, сот банкроттығы және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру туралы айтылды. 

Рәсімдеудің үш түрі де қарыз алушының бастамасымен ғана жүзеге асады. Яғни, банк борышкердің келісімінсіз банкроттыққа өтініш бере алмайды. Рәсімді қолдану барысында азаматқа бірқатар шектеулер енгізіледі. Мәселен, соттан тыс банкроттық рәсімі арқылы өзін банкрот деп жариялаған азамат 5 жыл көлемінде несие ала алмайды және 7 жылдан кейін ғана банкроттыққа қайта жүгіне алады. 3 жыл ішінде мүлікті сатып алуды бақылау жүргізіледі. Ал, сот банкроттығы рәсімінде азаматқа шет елге шығуға тыйым салынып, қарыздар алу, кепілдіктер мен кепілгерлік беру бойынша мәмілер жасауға тыйым салынады. 
Бұл заң заңды тұлғаларға және жеке кәсiпкерлерге қолданылмайды. 

Қазіргі таңда Қызылорда Мемлекеттік Кірістер басқармасымен аталған заңның нормаларын түсіндіру мақсатында қаламыздың адам көп шоғырланатын орындарында, аялдамаларда, Халыққа қызмет көрсету орталықтарында, екінші деңгейлі банктерде түсіндірме жұмыстары жүргізілуде.

Тағы да оқыңыз: