Kyzylorda-news.kz Қала әкімінің халықпен кездесуі Белкөл кентінде жалғасты. Шаһар басшысы Серік Қожаниязов қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы мен бірінші жартыжылдықта атқарылған жұмыстар жайында тұрғындарды толық хабардар етті.

Кентте инфрақұрылымды дамыту, халықтың өмір сүру сапасын жақсарту бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Өткен жылы белкөлдіктер үшін біршама игілікті істер жасалды. Атап айтқанда, 8 көше түнгі жарықпен жарықтандырылып, 11 дана электр трансформаторы орнатылды. Үш көшеге электр желісін тарту үшін құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Оған республикалық бюджеттен 76,6 миллион теңге бөлінген. Мұнымен қоса, 12 көшенің электр желілерін қайта жаңғырту, жаяу жүргіншілер жолын салу жұмыстары басталды.

Кәсіпкерлікті дамыту бағытында мемлекеттік бағдарламалар тиімді жүзеге асырылуда. Мәселен, «Іскер» бағдарламасы аясында жалпы құны 16 миллион теңгені құрайтын 4 жоба қаржыландырылған. Сонымен қатар кенттегі жұмыссыздық деңгейі 1,8 пайызға төмендеген.

Бір сөзбен айтқанда жергілікті тұрғындардың өмір сүру сапасы жақсарған.  Жолаушылар көлігінің қатынасында да  айтарлықтай мәселе жоқ.  Белкөлдіктер көтерген мәселенің өзектісі  – орталық көшелерге аяқ су жүргізу, мәдениет үйін салу, көпқабатты №1, 11, 12 үйлердің шатырын жөндеу жайы болды. Бірқазан елдімекенінің тұрғындары балалар ойын алаңын салу қолға алынса деген өтінішін жеткізді. Жиын қорытындысында қала әкімі халықтың көтерген мәселесінің тиянақты орындалатынын, кейбірінің қаржы мәселесіне байланысты кезең кезеңімен шешімін табатынын жеткізді.

Тағы да оқыңыз: