Kyzylorda-news.kz. Жақында Қармақшы аудандық мәдениет үйінде аудан әкімінің қолдауымен, аудандық Көшеней Рүстембекұлы атындағы жыраулар үйінің ұйымдастыруымен дәстүрлі жыраулық өнерді жалғастыруға ғұмырының соңына дейін қызмет етіп, өнер бәйгесінде оза шауып, ел мақтанышы болған тұлпардың тұяғы, асылдың сынығы Арнұр Көшенейұлын еске алуға арналған «Асыл жырдың Арнұры» атты еске алу кеші өткізді. Бұл туралы Қармақшы ауданы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады. 

Тәлімі мен тағылымы мол шараға Қармақшы ауданының әкімі Жандос Еркінбекұлы қатысып, Арнұр Көшенейұлының өнегелі өмір жолы мен жыраулық өнерді дәріптеуге қосқан сүбелі үлесі туралы сөз қозғап, ізгі тілегін білдірді.

Сондай-ақ, кеште Қызылорда қаласының «Құрметті азаматы» Ырзақұл Саденұлы, Қармақшы ауданының «Құрметті азаматы» Талайлы Төребайқызы, Қазақстан Республикасы Мәдениет қайраткері Берік Рахманұлы, Қазақстан Республикасы «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері, жырау Серік Жақсығұлов сөз сөйлеп, естеліктерімен бөлісті.

Сыр сүлейлерінің мұрагері ұлықталған кеште елімізге белгілі жыршы-жыраулар өз өнерлерін көрсетіп, жыр сүйер қауымға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
 

Тағы да оқыңыз: