Kyzylorda-news.kz. Бүгінде ауданда кәсіпкерлік саласы кеңінен қанат жайған. Кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау да бар. Мәселен, жаңа жоба бастап, өндірісті дамытушылар үшін Қызылорда облысы, кәсіпкерлер палатасының Шиелі аудандық филиалы жұмыс істеуде. Біз де кәсіпкерлік саласының қыр-сырына қанық болып, көкейде жүрген көп сауалдың жауабын білу үшін арнайы Шиелі аудандық кәсіпкерлік палатасының директоры Бекзатхан Бауыржанұлын әңгімеге тарттық.

– Шиелі ауданы бойынша былтырғы жылмен салыстырғанда шағын және орта кәсіпкерлік субъектілердің саны артты ма? Көрсеткіш қандай?

– 2023 жылдың 1-ші маусымында 7464 шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері тіркелді. Оның ішінде заңды тұлға 563, дара кәсіпкерлер 4728, шаруа қожалықтары 2173 болды. Бұл – тиісті кезеңмен салыстырғанда 138,2 процентке артты. 

– Ал палатаға келетін азаматтар көбінесе сіздерге қандай мәселемен жүгінеді?

– Иә, біздің палатаға көбінесе өз кәсібін бастауға ынтасы бар, оны кеңейткісі келетін жандар келеді. Жалпы кәсіпкерлікке байланысты толыққанды ақпарат алып, алдағы жоспарларымен бөлісіп, ақыл-кеңес сұрайды. Біз мұндай жағдайда кез келген азаматқа қол ұшын созып, көмек беруге даярмыз. 

– Жоғарыда өзіңіз кәсіп бастауға ынталы азаматтарға көмек беруге әзірміз деп қалдыңыз. Ал қайтарымсыз грант алғандардың бизнес жоспарына көмектесу, кәсіпкерлерге тегін құқықтық көмек беру жағы қалай ұйымдастырылып жатыр?

– Кәсіпкерлер палатасына жүгінген кәсіпкерлерге әр сала бойынша көмек берумен айналысатын арнайы мамандар бар. Мамандардың барлығы бүгінде өз жұмыстарын тиянақты атқаруда. 

– Жақсы, енді «Жобалық оқыту» курсына тоқталып өтсеңіз.

– Иә, жобалық оқыту міндетті түрде қажет. Қазіргі таңда «Мен кәсіпкер» құралы аясында екі бағыт бойынша оқыту жүзеге асырылады. Мәселен, «әйелдер кәсіпкерлігі» бойынша сұраныстағы басым бағыттар үйретілсе, «кәсіпке бағыт» бойынша ауыл шаруашылығындағы басым бағыттарды оқыту жүзеге асырылуда.

– Өзіңіз білетіндей, қазір Шиеліде кәсіпкерлік саласы айтарлықтай дамуда. Сіздің ойыңызша бизнестің қай саласына басымдық берілу керек?

– Өте орынды сұрақ. Дұрыс айтасыз, кәсіпкерліктің дамуы үшін – оған басымдық қажет. Дегенмен, азық-түлік және тұтынушылық мақсаттағы тауарларды шығарумен айналысатын өндіріс саласына және арнайы кәсіпорындарға басымдық беру керек.

– Қай бағыт бойынша кемшін тұстарымыз бар?

– Жасырып қайтеміз? Кез келген салада өркендеумен қатар кері тұстар да кездесіп жатады. Мұндай мәселе кәсіпкерлік бағытын айналып өткен емес. Мәселен, шыққан өнімдердің эскпортталуы – бүгінде аудандағы кәсіпкерлердің басты проблемасына айналып отыр. Әлі де көптеген кәсіпкерлер өз бағытын, саласын, жан-жақты зерттемей, өнімнің қайда сатылатынын, тұтынушылардың кім екенін көп жағдайда ойластырмай тұрып өнім өндірумен айналысады. Міне, біздің басты кемшін тұсымыз – осы.

– Негізі аудандағы жеңіл және шағын бизнесті әлі де дамыту керек сияқты. Қазір алып сату жағы жақсы  дамып, өндірістік бағыты кемшін қалып жатыр. Өндірістік және кәсіпкерлік нысандарының саны қанша?

– Иә, шағын және жеңіл өнеркәсіпті дамыту керек екені рас. Қазіргі таңда бұл бағытта жұмыстар атқарылып жатыр. Ағымдағы жылдың бес айында ауданның өнеркәсіп өнімдерін өндіруші мекемелері мен кәсіпорындары 29 млрд 112 млн. теңгенің өнімдерін өндірді. Бұл 2022 жылдың осы кезеңінің салыстырмалы бағасымен алғанда 102,8 процентті, ал өңдеу өнеркәсібі өнімі көлемі 12 млрд 606 млн. теңгеге жетіп, 101,3 процентті құрады. 

– Кәсіпкерлік саласының кеңінен қанат жайып, өркендеуі нарықтық заманда жұмыссыз азаматтар қатарын азайтады. Жыл басынан бері мемлекеттік бағдарламалар бойынша қандай жұмыстар атқарылды?

– Жыл басынан бері көптеген жұмыстың, ілкімді істердің атқарылғаны рас. Соның бірнешеуіне тоқталар болсам, есепті кезеңге мемлекеттік бағдарламалар бойынша 2 млрд 395,2 млн. теңгені құрайтын 216 жоба шағын несие және грант қаражатын алып, оған 256 жаңа жұмыс орны ашылды. Ал «Ұлттық жоба» бизнесті дамыту және қолдау мемлекеттік бағдарламасы аясында субсидиялау бағыты – 41 жобаға 721,8 млн. теңге көлемінде грант қаражатын иемденді. Бұдан бөлек, «Наурыз-Дем» несие серіктестігі арқылы 23 жоба 563,9 млн. теңгемен қамтамасыз етілді. Сондай-ақ «Аграрлық несие корпорациясы» 32 жобаны іске асырып, оған 746,3 млн.теңге бөлінді. Және де «Қызылорда» Өңірлік инвестиция орталығы арқылы 42 жоба қорғалып, 243,4 млн теңгемен қаржыландырылды. Сонымен қатар, ауданнан 17 жоба 75,5 млн. теңгеге қолдау алып арнайы қаржыландыру күтуде.«Ауыл аманаты» жобасы бойынша да ауданнан 479 жоба қаралды. Оның 409-ы бақылау кеңесіне дайын.

– Сіз басқаратын мекеме тарапынан кәсіпкерлік көкжиегін кеңейту мақсатында жасалып жатқан жұмыстарға тоқталсаңыз?

– Басшы болған соң сол мекеменің барлық міндетіне тікелей өзің жауаптысың. Сондықтан мен ең алдымен халықтың арасында қаржылық сауаттылықты арттыра отырып, мемлекет тарапынан беріліп жатқан қайтарымсыз гранттар мен жеңілдетілген 
несиелерге қол жеткізіп, кәсіп бастауға және кеңейтуге арналған сүйемелдеу жұмыстарын атқаруды бірінші орынға қойдым. 

– Бүгінде қол жеткізген нәтижелі жұмыстарыңыз бар ма? Болса айтып өтсеңіз…

– Ойлап отырсам, мен жұмысқа кіріскелі бір айдың жүзі болыпты. Сол уақыттың ішінде атқарылған жұмыстар аз емес. Солардың бірі – маусым айының отызыншы жұлдызында өткен Қазақстанның үздік тауары – 2023 өңірлік көрме конкурсы. Бұл шараға Шиелі ауданынан 6 кәсіпкер өз өнімдерін ұсынды. Олардың барлығы «Үздік» атанып, кәсіпкерлерге Өңірлік кеңес төрағасы Ерлан Райымов пен облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары Жанар Берденова арнайы алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табыс етті. Алдағы уақытта қатысушыларға несие мен гранттар, өнімдерін дүкен сөрелеріне шығаруға мүмкіндік беретін сертификаттар және өнімдерін өткізетін орындарды табу сынды қолдау шаралары жүзеге асырылатын болады.

– Келесі жылға қандай ауқымды жоспарларыңыз бар?

– Алдағы уақытта аудан халқының қаржылық сауаттылығын арттыру және қаржылық пирамидалар мен интернет алаяқтарға алданбауға арналған тренингтер өткізу жоспарда бар. Одан бөлек, ауданымызға қарасты 22 ауылдық округті аралап, мемлекет тарапынан кәсіпкерлікке берілетін субсидиялар бойынша ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын ұдайы түрде ұйымдастыруды қолға алып жатырмыз. Сондай-ақ ынтасы бар азаматтарға өз кәсібін ашуға және аудан экономикасының, халықтың әл-ауқатын арттыру бағытында жұмыс істеуді жоспарлаудамыз.

– Сұхбаттасқаныңызға рақмет!

Тағы да оқыңыз: