Kyzylorda-news.kz Қазақстанда жыл сайын қыркүйектің соңғы жексенбісінде Еңбек күні аталып өтеді. Бұл адал еңбектің, кәсіби шеберліктің маңызын атап, түрлі салада еңбек етіп жүрген азаматтардың ел дамуына қосқан үлесін бағалауға арналған ерекше күн. Осыған орай Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы Бектемір Жұмағұловпен сұхбаттасқан едік.
– Бектемір Ұлыбекұлы, Мереке құтты болсын! Еңбек күнінің мән-маңызын қалай бағамдайсыз?
– Өзіңізге мәлім, қыркүйектің соңғы жексенбісінде елімізде Еңбек күні атап өтіледі. Қай қоғамда болмасын еңбек адамының рөлі қашанда зор. Азаматтардың еңбегі елдің даму деңгейін айқындап, әрбір отбасының амандығын, тұлғаның дамуын қамтамасыз ететін шешуші фактор болып саналады. Бұл күнді мерекелеудің негізгі мақсаты еңбек адамын лайықты бағалау, жастар арасында жұмысшы мамандықтарды насихаттау болып табылады, – деді.
– Атаулы күнге байланысты арнайы іс-шаралар ұйымдастырылып жатқан болар?
– Әрине, Еңбек күніне орай жоспарға сәйкес, қыркүйек айының 1-20 аралығында «Ашық есік күні» ұйымдастырылды. Аталған іс-шарада мемлекеттік еңбек инспекторлары 100-ге жуық азаматтарға еңбек заңнамасына қатысты кеңес берді. Сондай-ақ, ірі кәсіпорындардың еңбек ұжымдарымен кездесулер өткізіліп, еңбек қауіпсіздігі бойынша жан-жақты түсіндірмелер берілді. Жалпы, департаментпен «Заң мен тәртіп» және «Адал азамат» қағидаттары шеңберінде жыл соңына дейін еңбекті қорғау және еңбек қауіпсіздігі тақырыптарындағы шараларды жалғастыратын боламыз, – деді.
– Өңірдегі еңбек қауіпсіздігі саласының қазіргі жай-күйі қандай?
– Жалпы, жарақат алу деңгейін төмендету және жазатайым оқиғалардың алдын алуға бағытталған бірнеше маңызды шараларға тоқталсам. Кәсіпорындардағы кәсіби тәуекелдерге бағалау жүргізу. Бұл жұмыс орнындағы қауіпті және зиянды өндірістік факторларды анықтау болып табылады. Бүгінде өңірде 22 кәсіпорында аталған бағалау жұмысы жүргізілген. Сонымен қатар «Нөлдік жарақаттану – Vision Zero» тұжырымдамасы – өндірістегі жазатайым оқиғалар мен кәсіби аурулардың алдын алуға және еңбек қауіпсіздігін арттыруға бағытталған халықаралық тәсіл. Аталмыш тұжырымдағы биыл облыста 51 кәсіпорын қосылып отыр. Бұл шаралар жазатайым оқиғалардың және жарақаттанудың алдын алу, азайтудың басты құралы болып табылады. Сондай-ақ, құрылыс алаңдарында жазатайым оқиғалардың алдын алуға бағытында 27 кәсіпорында тік бақылау енгізілген. Бұл тәсіл құрылыс алаңдарындағы бас мердігерлермен қосалқы мердігерлер тарапынан еңбек қауіпсіздігі талаптарының сақталуын бақылауға негізделген. Тағы бір маңызды қадам бұл жұмыскерлерді еңбек міндеттерін атқарған кезде жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру шартын жасасу болып табылады. Еңбек заңнамасына сәйкес жұмыс берушілер өз жұмыскерлерін сақтандыруға міндетті. Ал, талап орындалмаған жағдайда әкімшілік шара қолдану қарастырылғанын атап өтемін. Еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы маңызды шараларды насихаттау жұмыстары да назардан тыс қалған емес. Осы жұмыстарды күшейту мақсатында 2025 өткен жылдың ақпан және маусым айларында барлық аудандарда еңбек ұжымдарымен кездесулер өткізіліп, түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру шартын жасасуға қатысты мәселе үстіміздегі жылы Арал ауданында әлеуметтік әріптестік жөніндегі облыстық үш жақты комиссияның көшпелі отырысында қаралды. Департамент мамандарының қатысуымен Жаңақорған және Шиеліде аталған мәселе аудандық комиссия отырыстарында тыңдалды. Бұл жұмыстар жалғастырылуда, – деді.
– Әлеуметтік - еңбек саласындағы цифрландыру шаралары еңбек қатынастарының ашықтығын қаншалықты арттырды?
– Жалпы, жүргізіліп жатқан жұмыс еңбек қатынастарының ашықтығын арттыруға, жұмыскерлерді әлеуметтік-еңбек кепілдіктерімен қамтуды кеңейтуге және еңбек заңнамасын бұзудың алдын алуды күшейтуге ықпал етеді. 2026 жылғы 12 наурыздан бастап Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне еңбек шарттарын есепке алу саласындағы ашықтық пен тәртіпті арттыруға бағытталған өзгерістер күшіне енді. Атап айтқанда, Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесіне ақпаратты белгіленген мерзімдерде, толық енгізбеу және дұрыс емес ақпарат енгізу түрінде жасалған бұзушылықтар үшін әкімшілік шара қолдану көзделген, – деді.
– Жыл басынан бері мемлекеттік бақылау нәтижесімен қанша жұмыскерлердің еңбек құқықтары қорғалды?
– Үстіміздегі жылдың 8 айында мемлекеттік еңбек инспекторларымен жеке және заңды тұлғалардан түскен жолданымдары негізінде 264 жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, орындауға мінедтті 210 нұсқама берілді. Тексеру нәтижесімен еңбек заңнамасы талаптарын бұзған тұлғаларға қатысты 38 әкімшілік іс қозғалып, жалпы сомасы 8,4 млн.теңге айыппұл салынған. Жалпы, мемлекеттік еңбек инспекторларымен 528 жұмыскерлердің бұзылған еңбек құқықтары қалпына келтірілді, – деді.
– Сұхбатымыздың соңында Еңбек күніне орай облыс тұрғындарына қандай тілегіңіз бар?
– Барша қызметкерлер мен еңбек ұжымдарын «Еңбек күні» мерекесімен құттықтаймын. Бүгінде өңіріміз әлеуметтік-экономикалық дамуы қарыштап, үлкен құрылыс алаңына айналды десек болады. Елді - мекендер абаттандырылып, жолдар жөнделуде, тұрғындар үшін маңызды әлеуметтік нысандардың құрылыстары жүргізілуде. Осындай игі істерге зор үлес қосып отырған баршаңызға адал еңбектеріңіз үшін шынайы алғысымды білдіремін. Кез келген мемлекеттің қарыштап дамуы оның әрбір азаматының адал еңбегімен келетіні бүгінгі күннің шындығы. Баршаңызға егемен еліміздің өсіп-өркендеп, гүлденуі жолында жаңа табыстар, жемісті еңбек, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін, – деді.
– Мазмұнды сұхбатыңызға рақмет. Жұмыстарыңызға табыс тілеймін!
