Kyzylorda-news.kz Өткен жылы азаттықтың 32-ші жылына табан тіредік. Осынау жылдар аралығында, еліміз түрлі саяси, әлеуметтік, қоғамдық азды-көпті реформаны басынан өткерді. Оның табыстысы да, тиімсіз тұсы да болды. Бұл – әлемдік саясатта, қоғамда қалыпты құбылыс. Сонымен біз осы жылдар арасында ең киеліміз, қанымызда бар тәуелсіздік қадірін ұғындық па? Оны қаншалықты қастерлей алып жүрміз? Әрине, мұндайда сол сала мамандарының пікірі – құнды. Ендеше біз осы тағылеттес сауалдарға Шиелі аудандық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері, тарихшы Бекболат Әбутегімен жауап іздедік.

– Бекболат мырза, тарихшы ретінде айтыңызшы Қазақстан тәуелсіздігінің формуласы неде? 

– Біздің елдің Тәуелсіздік формуласы – ол ұлтымыздың пиғыл-ниетінің кеңдігі мен жаужүректілігінде. Осы кең пейілді пиғыл-ниетіне Жаратушымыз жер асты табиғи байлықтарын молынан нәсіп қылса, жаужүректілігімен осыншама жерімізді, байлығымызды қорғап келді. Тіпті аңыз сияқты елестеп, сенеріңді білмейсің. 

– Өз алдымызға дербес ел атанғанымызға отыз жылдан асты. Қалай ойлайсыз, Қазақстан өзінің мемлекеттілігін әлемге таныта алды ма? 

– Әрине, отыз жыл аз уақыт емес. «Сынсыз – мін түзелмейді» деген бар. Меніңше, біздің сол қол жеткізген табысымыздан, керісінше айырылып қалған дүниеміз көп сияқты. Мысалы, Кеңес Одағы тұсында біз де көптеген өндіріс орны болды. Зауыттар өнімнің кез келген түрін шығаруға қауқары жетті. Сол біз егемендік алған 30 жылдың ішінде бәрінен айырылып біттік. Шындыққа тура қарайтын кез келді. Жеткен жетістіктерді де жоққа шығаруға келмес. Рас, үлкен жетістігіміз – Астана қаласын тұрғыздық. Алайда қазақ халқының ішкі жағдайы әлі көңіл көншітетіндей емес. Себебі біз сол өндіріс орындарынан айырылып қалдық. Академик Асқар Жұмаділдаев айтқандай, технократ болмай, елде өндіріс орны болмай ешқашан біз алға қарай жылжымаймыз. Біз сонау өтіп кеткен ғасырдағы салт-дәстүрімізді, дінімізді қанша жерден дәріптегенмен, алға озбаймыз. Сондықтан бізде мынау ғылым саласы жолға қойылу қажет. Енді қолдан келгенше үкімет басындағылар жұмыс істеп жатқан сияқты. Мәселе істеп жатқан сияқты емес, мұнда нәтиже көріну керек. Біз отыз жылда не ұттық, неден ұтылдық? Бұл сауал жүрегі қазақ деп соққан азаматты толғандыруы тиіс. Маған салса біздің ұтылған тұсымыз басымырақ. Жалпы сырттан қауіп төнген тұста Қазақстанның қандай қауқары бар? Бірақ мысал, күні кеше көрдіңіздер, 2-3 күндік дауылға қарсы тұра алмадық. Жарық жоқ, су жоқ, жылу босамаса жоқ. Үзіліп жатыр, қирап, өртке оранып, ұшып жатыр. Бізге ешжақтан жау келмей-ақ қойсын. Беті аулақ. Құдайдың мынау табиғи құбылысының өзіне біз даяр емеспіз. Сол қарнымызды аштырады. Одан кейін патриотизм деген мәселе өте төмен.

– Патриотизм деп қалдыңыз. Жалпы қазіргі жас ұрпақ тәуелсіздіктің қадір-қасиетін ұғына алып жүр ме? Патриоттық сезімді ояту үшін не істемек керек? 

– Тәуелсіздік ұғымының қадір-қасиетінің артып-кеміп жатқан жағдайы бар. Мен өзім Шиелі аудандық тарихи-өлкетану музейінде жұмыс істейтін болғандықтан бізге келетін келушілердің 90 пайызы мектеп оқушылары, студенттер. «Тамырсыз ағаш, тарихсыз халық болмайды» дейді ғой. Бауыржан Момышұлының «Өткені жоқ елдің, болашағы жоқ» деген ғибратты сөзі бар. Тек біз бүгінгі күнді ғана ойлайтын болсақ, онда біздің болашағымыз бұлыңғыр. Сондықтан біз өткенімізді саралап, керегін алып, болашаққа нақты қадам жасап, жаңашылдыққа ұмтылуымыз керек. Жасыратыны несі бар, мектеп оқушыларының тоқсан пайызына дерлік мына біздің тарихымыздан, әсіресе, өлке тарихымыздан бейхабар. Осы айтып жатқан «Желтоқсан оқиғасы қашан болды? Оған кімдер қатысты? Ұлы Отан соғысы қашан болды? Одан бөлек қандай соғыстар болды?» деген сауалдарға жауап берулері қиын. Сонда бұл не деген сөз, мектепте тарих сабағында бұл туралы мағлұмат берілмейді ме әлде біздің қазақ тарихында бұлар әлі жазылмаған ба? Шындығында екеуі де бар. Бүгінгі күнге дейін мектеп оқулықтарында «Желтоқсан оқиғасы» туралы шындық толық ашылып айтылмаған. Тек бұл ғана емес, патриоттық бағытта тәрбиелеу үшін біздің сан қырлы тарихтарымыз бар. Соның барлығы байыпты түрде оқулықтарға қатталса, нұр үстіне нұр болушы еді. Қазір науқан, іс-шаралармен ғана шектелу әдетке айналып кетті. Жас ұрпақтың санасына сіңірудің жаңа жолдарын қарастырып, ұлттық идеологиялық құралға айналдыруға тиіспіз. 

– Тәуелсіздік десек – Желтоқсан көтерілісі, Желтоқсан десек – Тәуелсіздік ойға оралады. Желтоқсан оқиғасы Тәуелсіздікке балама екенін бәріміз іштей мойындаймыз. Сіз бұл тұрғыда не дейсіз? 

– Рас. Желтоқсан – Тәуелсіздік символына айналып үлгерді. Біріншіден, Желтоқсан көтерілісі егемендікке ұмтылудың керекмет үлгісі еді. Сондықтан оны ұлттық идеологиямыздың бір құралына айналдыру маңызды. Себебі Тәуелсіздік – тарих тәбәрігі. 

– Әңгімеңізге рақмет! 

 

Сұхбаттасқан

Сұлушаш МАДИЯРОВА

Тағы да оқыңыз: