Bek Air әуе компаниясына тиесілі тоғыз ұшақтың қызметі тоқтатылды – Kyzylorda News
Басты бет

Bek Air әуе компаниясына тиесілі тоғыз ұшақтың қызметі тоқтатылды

10.01.2020, 18:00

424 0

Kyzylorda-news.kz. Алматыдағы әуе апатына байланысты Bek Air әуе компаниясына тиесілі тоғыз Fokker-100 ұшағының қызметі тоқтатылды. Бұл туралы ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Камалиев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазақстан Президентінің тапсырмасы бойынша қазір тұрақты түрде жолаушылар тасымалын жүргізіп жатқан отандық әуе компаниялардың бәрі тексеріліп жатыр. Атап айтқанда, әуе кемелерінің ұшу жарамдылығы, қауіпсіздік талаптарына сәйкестігі, ұшу ережелерін сақтауы, авиациялық персоналды дайындауы секілді талаптардың бәрі тексерілуде», – деді Берік Камалиев ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Вице-министр Алматыдағы әуе апатына байланысты Bek Air әуе компаниясының жұмысы тоқтатылғанын айтып өтті.

«Bek Air әуе компаниясына тиесілі тоғыз Fokker-100 ұшағының қызметі мен жылдық жарамдылығы жайлы сертификаты тоқтатылды. Қазақстанның авиациялық әкімшілігі қазір британдық және еуропалық азаматтық авиация агенттіктері өкілдерінің қатысуымен Bek Air әуе компаниясын тексеріп жатыр. Тексеру қорытындысына сай, әуе компаниясының ары қарайғы жұмысы туралы шешім қабылданады. Жақын арада тексеру қорытындысын жариялаймыз», – деді ол.

0

Пікір қалдыру