Kyzylorda-news.kz Арал ауданы әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімінің орынбасары Шерхан Есжановтың төрағалығымен аппарат мәжілісі өтіп, Үкімет отырысында көтерілген мәселелерге сәйкес бірқатар міндеттер айқындалды.
Жиында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін жаңғырту және көлеңкелі экономиканы төмендету бойынша қабылданған шараларға сәйкес аудан әкімінің орынбасары Шерхан Жұбаханұлы әлеуметтік мемлекеттің басты ұстанымдарының бірі азаматтарды қолжетімді денсаулық сақтау қызметімен қамтамасыз ету екенін атап өтті.
Бұл мақсатта елімізде 2020 жылдан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізілген. Жыл басында 11 285 азамат медициналық сақтандыру жүйесінде сақтандырылмаған, бұл аудан халқының 15,7 пайызын құрайды. Қазіргі таңда бұл көрсеткіш 869 азаматқа азайып, аудандар арасында жоғары көрсеткіштердің біріне қол жеткізілді.
Аудан әкімінің орынбасары жұмысты бәсеңдетпей, аталған мәселеге байланысты ұсыныстарды әлі де пысықтай түсу қажеттігін жауаптыларға жүктеді.
Үкімет отырысында қаралған маңызды мәселелердің бірі –көлеңкелі экономикамен күрес. Онымен күрес ұдайы жүргізіліп келе жатқанымен, заңсыздықтар әлі де азаймай отыр.
Мәселен, 2025 жылдың І жартыжылдығында салық есептілігін «нөлдік» көрсеткішпен 900 жеке кәсіпкер тапсырған. Сондай-ақ, жыл басынан бері алкоголь және темекі өнімдерін заңсыз сатумен айналысқан 21 тұлға анықталып, тиісті айыппұл салынған.
Осындай олқылықтардың салдарынан экономикалық дамудың тұрақтылығына нұқсан келіп жатқаны жасырын емес. Осы мәселе төңірегінде бірқатар ұсыныстарды назарға алған аудан әкімінің орынбасары Ш.Есжанов көлеңкелі экономиканың деңгейін төмендету мақсатында батыл қадамдарға барып, заңсыздықтардың жолын кесу үшін нақты шешімдер қабылдау қажеттігін жеткізді.
Жиын соңында көтерілген мәселелерге сәйкес жауапты тұлғаларға бірқатар тапсырмалар жүктеген аудан әкімінің орынбасары Шерхан Жұбаханұлы әркез мәселені бақылауда ұстайтынын атап өтті.

