Kyzylorda-news.kz. Қызылорда қаласы әкімінің тапсырмасына сәйкес «Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы Бауыржан Оспанов қоғамдық көлік тасымалдаушыларына уақыт жиілігін қалыпқа келтіру бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Алдымен № 11 бағыттың соңғы аялдамасы Теміржол вокзалына барды. Бағыт бригадирі № 11 бағыт бойынша шағым жоқ екенін және автобустар жаңа екендігін айтты. Бұдан кейін, осы маңайдағы № 5 және № 4 қоғамдық көліктердің тасымалдаушылармен кездесіп, ой-пікірлерін тыңдап, жылдамдықты асырмай, уақыт жиілігін қалыпқа келтіру қажеттілігін тапсырды.
Сондай-ақ, Бауыржан Әліпбайұлы ескі базар және «Жайна» сауда үйі маңайындағы аялдамада жолаушылардың қоғамдық көлікке қатысты шағымдарын тыңдап, аталған мәселелер бойынша жұмыс жүргізілетіндігін атады.
«Пандемия салдарынан өткен жылы көптеген сала қызметкерлері қашықтықтан жұмыс жасап, білім беру ұйымдарының мұғалімдері мен оқушы, студенттердің қашықтықтан оқытылуына байланысты жолаушылар ағыны азайып, тасымалдаушылардың табыс көзі төмендеген болатын. Осы ретте, жолаушылар тасымалымен айналысатын кәсіпкерлер автобустарын сатып басқа кәсіп көзіне ауысуына байланысты қала көлемінде қатынайтын қалаішілік қоғамдық көліктердің саны азайып, қазіргі таңда №9, 20, 22 бағытты автобустармен толықтыру мүмкін болмай отыр. Қазіргі таңда, қоғамдық көлік санын көбейту мақсатында 67 дана автобустар алуға облыстық бюджетке өтінім жолданғандығын, алдағы уақытта, қажетті қаражат қаралған жағдайда тиісті жұмыстар кезең-кезеңімен жүргізілетін болады деді»,- қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы Бауыржан Оспанов.
