Kyzylorda-news.kz. Өткен жылы кәсіпкерлік бастамашылыққа жәрдемдесу жөніндегі шараларды ұйымдастыру және қаржыландыру қағидалары бекітілген болатын. Ондағы мемлекеттік грант – нысаналы мақсаты жаңа бизнесті іске қосу және дамыту болып табылатын өтеусіз берілген бастапқы капитал болғандықтан мемлекет ұсынған үлкен мүмкіндікті иеленгісі келетіндер қатары қалың. Дейтұрғанмен өтеусіз грант үшін бөлінген қаржы санаулы адамға бұйырмақ. Бұл жөнінде Қазалы ауданы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығының маманы Кеңшілік Шүреннен сұраудың сәті түсті.

– Кеңшілік Әбдірейімұлы, кәсіпкерлік мақсаттағы қайтарымсыз гранттың неше түрі бар және аудан бойынша қанша адам алады деп күтілуде?

– Мемлекеттік гранттар бастапқы бизнесті іске асыруды жоспарлайтын бағдарламаға қатысушыларға қайтарымсыз негізде беріледі. Кәсіпкерлік мақсатта ұсынылатын өтеусіз гранттар 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобада қаралған. Біздің ауданнан 138 адамға ғана грант бөлінген. 

Сонымен қатар «Бизнестің жол картасы – 2025» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында – 3 миллион теңгеге дейін ұсынылады. «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы аясында ісін жаңа бастаған, инновациялық бизнес-идеясы бар кәсіпкерлер грантқа үміткер бола алады. Дегенмен соңғысы аудандық кәсіпкерлік бөлімі арқылы жүргізіледі. Ол біздің құзыретімізге кірмейді.

– Ең әуелі мемлекет тарапынан бөлінілетін өтеусіз қаражат кімдерге беріледі?

– Халықтың әлеуметтік осал топтарына беріледі. Оларға атаулы әлеуметтік көмек, көп балалы отбасыларға немесе оның жұбайына (зайыбына) төленетін жәрдемақыларды, асыраушысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік жәрдемақыларды алушылар, қоныс аударушылар, қандастар, еңбекке қарсы көрсетілімдері жоқ мүгедектігі барлар, мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырғандар және оның жұбайы (зайыбы) жатады.

Осы санатқа жататын азаматтар (азаматшалар) жұмыссыз немесе 3 жылға дейінгі жеке кәсіпкер болуы шарт. Үміткердің «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту туралы 3 жылдан аспайтын мерзімге сертификаты болуы тиіс.

– Бастапқы істі дөңгелетіп, алып кетуі үшін жоба бойынша қанша қаражат бөлінеді?

– Гранттар жаңа бизнес идеяларды іске асыру үшін өтеусіз және қайтарымсыз негізде 400 еселенген айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде беріледі. Яғни 1 380 000 теңгені құрайды. Әр қатысушы оны тек бір рет ала алады.

Гранттар қаражаты ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге өздерінің бизнес-әлеуетін ашуға, өндірісті жолға қоюға және дамытуға, сол арқылы өзін тұрақты табыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Нысаналы мақсаты бойынша: қажетті еңбек құралдарын, технологиялық жабдықты, жануарларды, малды, құстарды, бұталарды, тұқымдарды, көшеттерді сатып алуға ұсынылады. Сондай-ақ коммерциялық жылжымайтын мүлік пен сауда объектілерінің, оның ішінде сауда объектілерінің аумағында бастапқы бизнесті өткізуге арналған үй-жайларды және сауда объектілерін жалдау ақысын төлеу, жалға алуға, пайдалануға, сенімгерлік басқаруға беріледі.

Бұл ретте жұбайынан (зайыбынан), жақын туыстарынан еңбек құралдары, технологиялық жабдық, жануарлар, мал, құстар, көшеттер, бұталар, тұқымдар сатып алынбайды. Бастапқы бизнесті іске асыруға үй-жайлар жалға алынбайды.

– Гранттар қандай жағдайда берілмейді?

– Тұтынушылық мақсаттарға, кредиттік қарыздарды өтеуге, жылжымайтын тұрғын үй сатып алуға және салуға, жер учаскелерін сатып алуға, акцизделетін өнімдер өндіруге берілмейді.

– Жалпы қаржыландыру қандай көздерден жүзеге асырылады?

– Гранттар нысанында қолдау шараларын қаржыландыру республикалық және жергілікті бюджеттердің, Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан берілетін нысаналы трансферттердің қаражаты, ҚР заңнамасында тыйым салынбаған көздерден жүзеге асырылады. 

– Биыл қазалылықтар үшін тиімді бағдарламаға өтініштер қай кезден бастап қабылданды?

– Business.enbek.kz порталында 2023 жылғы 20 ақпаннан бастап 3 наурыз айы аралығында 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде 1-лек бойынша жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін мемлекеттік гранттар алуға өтінімдер қабылдау басталды. Қазалы ауданы бойынша бірінші лекте 338 адам өтініш берді. Алайда 24 адам комиссия шешімінің оң қорытындысын алды. 

Өтінім беру үшін порталда тіркелу, грант алу шарттарына сәйкестігіне тексеруден өту, бизнес-жоспар үлгісін жүктеп алып, оны толтыру және порталға енгізу қажет. Сондай-ақ өтініш нысанын толтырып, ЭЦҚ кілтімен қол қою керек. Сонымен бірге грант алу үшін бірқатар шартты сақтаған жөн. 

Рәсімдердің ашықтығын қамтамасыз ету, адами факторды азайту, өтініш берушілерге ыңғайлы болу үшін гранттар берудің бүкіл процесі электрондық форматқа ауыстырылды. Грант алуға өтінімдерді қабылдау бірыңғай терезе – «Business.enbek.kz» порталы арқылы жүзеге асырылады.

Алдағы уақытта осы жылдың 15-26 мамыр аралығында Қазалы ауданы бойынша екінші лекте 35 адамға өтеусіз қаржы беру көзделуде. Ал 3-лек үміткерлерін шілдеде қабылдасақ, 4-лекке қатысушылардың кезеңі қыркүйек айына діттеліп тұр. 

– Грант алуға кандидаттардың өтініші мен бизнес жобасын қарайтын комиссия отырысы қандай тәртіппен өтеді?

– Комиссия отырысы порталда өтініштерді қабылдау аяқталған күннен кейін 10 жұмыс күні ішінде өткізіледі. Оның өтетін орны, күні және уақыты туралы хабарлама грант алуға кандидаттың жеке кабинетінде көрсетіледі. Комиссияның шешімі, егер оған отырысқа қатысқан комиссия мүшелерінің жартысынан астамы дауыс берсе, қабылданады. Дауыстар тең болған жағдайда комиссия төрағасының дауысы шешуші болып табылады. Маңызды отырысты бейнетүсірілім тіркеуіне жол беріледі.

Комиссия отырысында грант алуға кандидат жаңа бизнес идеялардың жобасын таныстырады. Ал комиссия осы қағидаларға сәйкес бағалау парағында грант беру не бермеу себептері бар шешімді көрсетеді. Грант беру туралы шешім қабылдаған кезде грант алуға кандидат тиісті хабарламаны алған сәттен бастап 3 жұмыс күні ішінде порталдағы банк деректемелері бар банк шотын ұсынады. Ол "Еңбек нарығы" ААЖ-ға жіберіледі. 

Көрсетілген мерзімде банк шотын ұсынбаған грант алушы кандидатқа комиссияның грант беру туралы бұрын алған шешіміне қарамастан грант берілмейді. Бұл ретте кандидат келесі лектерде грантқа қайта өтінім бере алады. Халықты жұмыспен қамту орталығы осы қағидаларға сәйкес грант алушының банкдеректемелері бар банк шотын алған күннен бастап 3 жұмыс күні ішінде жаңа бизнес идеяларды іске асыруға грант беру туралы шартқа қол қояды. Грант алушының порталдағы жеке кабинетіне жібереді.
Грант алушы шартты алған сәттен бастап 3 жұмыс күні ішінде порталда, жеке кабинетте шартқа электрондық цифрлық қолтаңбамен қол қояды. Ол "Еңбек нарығы" ААЖ-ға жіберіледі.

Халықты жұмыспен қамту орталығы шарт жасалғаннан кейін 5 күн ішінде грант алушының ағымдағы банк шотына ақша қаражатын аударуды жүзеге асырады. 

– Сүбелі әңгімеңізге рахмет!

Тағы да оқыңыз: